«Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының студенттері ырыс пен берекенің арқауы – әз-Наурызды қарсы алды


14 наурыз күні Инновациялық технологиялар факультетінің   «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының студенттері жаңарту мен жасампаздықтың бастауы болған Наурыз мейрамын университетте алғашқылардың бірі болып қарсы алды. Іс-шара қазақ халқының ежелгі дәстүрлі мерекелерінің бірі «Көрісу айты – Амал күніне» тұспа-тұс келген екен. Студенттер қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі «көрісу»  дәстүрімен сахнаның шымылдығын ашты.

«Жастар әлемі»  сарайының сахнасы бұл күні ерекше әсемделіп, әрленген екен. Сахна төріне киіз үй бұйымдары,  сандық, мерекелік асқа толған қазақ дастарқаны қойылып, қабырғалары ұлттық нақыштағы оюмен көмкерілген. Осылардың бәрін студенттер өз қолымен жасаған. Келген қонақтарға «шашу» ретінде «Армысың, әз-Наурыз!»  атты өте мазмұнды концерттік бағдарлама әзірлеген жастар концерт барысында халық әндері мен билерін билеп, қазақтың ұлы композиторлары мен ақындарының керемет шығармаларын орындады.  «Бесікке салу», «Тұсау кесу» сияқты салт-дәстүрлерді көрсетіп,  көпшілікке «Арқан тарту», «Күш сынасу» сияқты халық ойындарын ойнатты.  Қонақтарға Ұлыстың Ұлы күнінің басты мәзірі наурыз көжеден дәм таттырып, шашу шашып, бауырсақтар таратты.

Мерекелік кеш соңында ұйымдастырушылар мен белсенді қатысушыларға факультет деканы Гүлфарида Самашованың атынан мақтау қағаздары мен алғыс хаттар табысталды. 

Без рубрики