Қарағандыда «ҚарМТУ– Mitsubishi Electric-Казпромавтоматика» оқу орталығы ашылды


14 маусым күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде Казпромавтоматика компаниясының демеушілігімен Энергетика, автоматика және телебайланыс факультетінде және «Казпромавтоматика» компаниясының ғимаратында «ҚарМТУ- Mitsubishi Electric-Казпромавтоматика» оқу орталықтарының ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты рәсімге университет ректоры, проф. М.К. Ибатов, өндірістік үдерістерді автоматтандыру кафедрасының меңгерушісі, проф. И.В. Брейдо, «Мицубиси Электрик» ААҚ-ның бас директоры Хироши Фурута және «Казпромавтоматика» компаниясының өкілдері қатысты.

– Қарағанды техникалық университеті бұған дейін де Total, Ersai, Siemens, Festo, Leica Geosystems Kazakhstan, Schneider Electric сияқты әлемдік компаниялардың өкілдіктерімен бірлесе отырып, оқу орталықтары мен тәжірибелік зертханалар ашқан болатын. Мұндай орталықтардың артықшылығы сол, онда студенттер мен магистранттар университет қабырғасында жүріп-ақ өндірістік тәжірибемен кеңінен танысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл зертханалар университетпен тығыз жұмыс істейтін металлургия, тау-кен, энергетика салаларындағы өндіріс орындарының жұмыскерлері үшін тренингтер өткізуге де өте қолайлы. Сондықтан мұндай білім беру орталықтарын жоғарғы оқу орны базасында өндірістік компаниялармен бірлікте ашу бәсекеге қабілетті шынайы маман-инженерлерді дайындап, өлкеміздің кадрлар мәселесін шешуге тікелей ықпал етеді — деді орталықтың тұсау кесу рәсімін өткізген ЖОО ректоры Марат Ибатов.

Аталмыш оқу орталығы Mitsubishi Electric ұсынған әлемдік стандарттарға сай құрылғылармен жабдықталған. Онда өндірістік машиналарды ұзақтан, тіпті, мобильдік телефон арқылы басқару бағдарламаларын жасайтын құрылғылар, бақылаушы құрылғылар, оператор панелі, қондырғылардың жұмыс істеу жиілігін бақылау құралдары, сондай-ақ жиілігі жоғары тоқпен жұмыс істейтін өндірістік құрылғылар мен роботтардың жұмысын бақылау және өзгерту процестерін қадағалайтын сервопривод бар.

«Казпромавтоматика» компаниясы жапондық Mitsubishi Electric Factory Automation концернінің 2004 жылдан бергі әріптесі әрі Қазақтандағы тек өкілі болып табылады. Сондай-ақ аталған компания – Қарағанды техникалық университетінің тұрақты да, айнымас серіктесі. Бүгінгі орталықты жабдықтау үшін фирма 6,5 млн. теңге көлемінде қаражат құйған. «Казпромавтоматиканың» техникалық директоры, университет түлегі Дмитрий Лепехов бұл туралы:

– Құрылғанынан бастап 13 жылдық уақытан бері біз Mitsubishi Electric және ҚарМТУ-мен тығыз жұмыс жасаудамыз. Жапондық концернмен біз еліміздің өндіріс орындарына түрлі автоматтандырылған құрылғыларды енгізу жобалары бойынша ұзақ уақыт жұмыс жасап келе жатсақ, техникалық университет біз үшін жоғары дәрежелі мамандар дайындап беретін цехқа айналған. Дәлел келтірер болсақ, бүгінгі таңда компанияда жұмыс жасайтын мамандардың 90 пайызы ҚарМТУ-дың түлектері. Оқу орталығының бір бөлігін ҚарМТУ-да ашуға қолдау көрсетіп отырғанымыздың бір себебі де осы. Өйткені біз тек Қазақстанда ғана емес, ТМД және шетел мемлекеттерінде де жұмыс жасаймыз. Ал бұл үшін нағыз білімді, жаңашыл инженер мамандар керек. Аталмыш орталық сапалы мамандарды өндіріс пен ЖОО бірлесе отырып дайындауға септігін тигізеді деп ойлаймыз», — деді.

Айта кеткен дұрыс, ҚарМТУ-да ашылған оқу орталығы білім беру зертханасының бір бөлігі ғана. Қаламыздың Жамбыл көшесінде орналасқан

«Казпромавтоматика» компаниясы базасында дәл сол күні орталықтың екінші құрамдас бөлігі ашылды. Енді ЖОО-ның білім алушылары теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, нақты өндірістік ортада сынап көру үшін екі жақтың да оқу орталығын еркін қолданатын болады. Бұл университет үшін мамандарды тәжірибелік ортада дайындауға мүмкіндік берсе, компанияға сапалы кадрларды студенттік шақтан бастап іріктеп, тәрбиелеп алу үшін тиімді болайын деп тұр.

Орталықтың ашылу рәсіміне арнайы шақырылған жапондық компанияның бас директоры Хироши Фурута кездесу барысында университеттегі маман даярлау шарттарымен танысып, өзінің ресми өкілі «Казпромавтоматика» компаниясы арқылы университетпен үшжақты серіктестікте жұмыс жасауын жалғастыра беретіндігін мәлімдеді.

Без рубрики