Конфуций Институты күні


27 қыркүйек күні ҚарМТУ студенттері мен қызметкерлері университет жанындағы Конфуций Институты күнін жылдағыдай атап өтті. Әдеттегідей ресми түрде емес, еркін түрде өткен бұл шарада Қытай мәдениеті мен тілін үйренуге қызығушылық танытып жүрген жастар «Аспан асты елі» жайлы бірқатар мәлімет алды.

Шығыс елінде каллиграфия жазуына адам жанын тыныштандыратын өнер әрі медитацияның ерекше техникасы ретінде көп көңіл бөлінген. Қылқаламмен жазу өнерін ҚарМТУ студенттеріне Институттың оқытушысы Чжао Яньцзюнь көрсетті.

Қағаздан ою-өрнектер қию өнері «Цзянчи» техникасы жайлы Чжан Лицинь және Цюй Тин сияқты оқытушылар айтып берді. Олардың айтуынша, Қытай елінде өнердің бұл түріне ерекше құрметпен қарайды екен. Қазіргі таңда бұл өнер ЮНЕСКО ұйымы тарапынан әлемнің аса құнды мәдени мұралары тізіміне енгізілген. Ежелгі археологтар жазған деректерге сенсек, қағаздан ою өрнектеу Қытайда VI ғ. бастау алған. Ал кейбір деректер бұл қағаз өрнектерінің алғашқы үлгілері одан да ертерек уақытта  пайда болғанын алға тартады. Бастапқыда қағаздан өрнектер ежелгі қытай халқы діни рәсімдерде, адамды жерлеу, құдайларға құрмет көрсету, құрбандық шалу кездерінде жасалған екен. Тіпті, өнерді игеру әрбір қытай қалыңдығына шарт болған. Ал қазіргі таңда қағаздан жасалған түрлі ою-өрнек, суреттер қытай халқының өмірін, мәдениетін, еңбек жағдайын, табиғатын, жан-жануар мүсіндерін сипаттауға арналып, көбінесе үй-ғимараттарды сәндеу,  интерьер бөлшегі ретінде қолданылады.

Конфуций Институтының оқытушысы Цинь Янь болса, көрмеде дәстүрлі қытай ұлттық киімдері жайлы әңгімелеп, тіпті, костюмдерді студенттердің киіп көріп, суретке түсуіне рұқсат беріп отырды.

Көрменің бір тиімді жағы бұған дейін Институтта қытай тілін игеріп жүрген студенттерге қытай азаматтары мен студенттер арасында тілмаш болып, аудармада өзін сынап көруге мүмкіндігі туды.

Әрине, бұл кездесуде де замана жастары өздерінің  сүйікті ісі «селфи» жасаумен айналысып, Конфуций күнінен естелік фотоларды әлеуметтік желілерде бөлісіп жатты.

 

Без рубрики