Касембекова Асель

Мектепті бітіргеннен кейін бәріміздің алдымызда үлкен сұрақ тұрады.
Қайда барамыз оқуға? Кім боламыз? Мен мектеп қабырғасында жүрген кездерде “Болашақ” бағдарламасының стипендиаты болуды армандайтынмын және өзіме міндетті түрде бағымды сынауға құжаттарды тапсырамын деп ант берген едім. Содан 2009 жылы тамыз айында мен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетімен қосалқы “Болашақ” бағдарламасына құжаттарымды тапсырдым. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне “Ақпараттық жүйелер” мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа ие болып, бір жылдай білім алдым. Осы бір жылдың ішінде аяулы мұғалімдердің және қасымдағы достарымның арқасында көп нәрселерді үйрендім және осы кісілердің қолдауы, көмегі ең басты мақсатым “Болашақ” халықаралық стипендиясының иегері атануы үлкен демеу болды.
Елбасы қолдауымен дүниеге келген “Болашақ” халықаралық стипендиясын дарынды жастардың заман талабына сай әлемнің таңдаулы жоғарғы оқу орындарында дәріс алып, талап шыңы мен арман биігіне көтерілуіне бірден бір ықпал етеді. Сонау Қарағанды облысы, Шет ауданында өскен мен үшін басында “Болашақ” бағдарламасы бойынша білім алу қол жетпейтін биік белестей көрінетін. Біз, ауылдан шыққан жастар шетел тілін жетік біле қоймайды, стипендия иегерінің үміткерлеріне қойылатын талаптардың ең бастысы, ең қиыны – шетел тілі еді. Алайда, елбасымыздың  арқасында 2008 жылы “Болашақ” стипендиясының үміткерлерді іріктеу ережесіне оң өзгеріс енгізіліп, ауылдан шыққан жастар мен мемлекеттік қызметшілер үшін арнайы квота бөлініп және оларға шет тілі бойынша арнайы емтиханның балдарын төмендеті. Бұл мен сияқты ауылдан шыққан жастарға үлкен мүмкіндік туғызды.
Алдында шетелде болмаған мен үшін алғашқы айда басқа мәдени ортаға, ауа райы бейімделу қиынға түсті.  (Көз қорқақ қол батыр) дегендей, басқа да үлкен белестерге жету үшін, тапжылмайтын талаптану керек. Қазіргі таңда мен үшін ең бастысы ағылшын тілін жетік меңгеріп шығу. Оқуға жағдайдың барлығы жасалған соң, қазақ халқының, мемлекеттің қаржысына тегін білім алып жүргендіктен жауапкершілікті сезінген жөн, сабаққа белсенділік танытып, көп еңбектену керек.
Осы мүмкіндікті пайдаланып ауылдық квота бойынша “Болашақ” стипендиясының иегері атанып, сонау Ұлыбританияда білім алып жатқаным үшін, біріншіден Елбасымызға айтатын алғысым зор.
ҚарМТУ-да жинап алған оқу тәжірибесінің, аяулы мұғалімдердің тәлімдері мен ақыл-өсиеттерінің көмегі де біршама. Әрине, үй іші мен достарымның қолдауы үлкен көмек болды. Осы жолда тек алға ұмтылуыма қуат, әрқашан бүкіл қиындықтарға төтеп беруге демеу берген әпкеме де алғысым шексіз.

Касембекова Асель

Без рубрики