«Алимхан Ермеков: тағдыр және уақыт» кітабының тұсаукесері

2015 жылдың 29 мамыр күні сағат 10.00-де Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Алимхан Ермеков: судьба и время» атты жаңа кітабының тұсаукесері өткізіледі.  Кітаптың авторы — ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты директорының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Үркінбайқызы Қыдыралина.

Кітап мұрағаттардан  алынған тың құжаттар мен фактілер негізінде деректермен толықтырылған, сондай-ақ ХХ ғасырдың басындағы алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларының жарқын тұлғасы, «Алаш» партиясының негізін қалаушыларының бірі және көшбасшысы, «Алаш Орда» үкіметінің мүшесі, тұңғыш қазақ математика профессоры  Әлімхан Әбеуұлы Ермековтың (1891-1970) өмір сүріп, артында өшпес із қалдырған кезеңнің тарихы фоны айқындалған.

Әлімхан Әбеуұлы — 1920 жылы Мәскеуде Лениннің алдында қазақ елінің шекарасы туралы тұңғыш баяндама жасаған қазақ. Бұрынғы Алаш қайраткерлері мен қазақ басқару элиталарының өкілдері қазақ мемлекеттілігінің іргесін қалады. Олар қазақтың территориясының біртұтастығын сақтау үшін барлық күш жігерлерін жұмсады.

Кітап кейіпкерінің 1950-1960 жж. өмірі Қарағанды политехникалық институтымен тығыз байланысты болды. Әлімхан Ермековтың өмірі аққан жұлдыздай жарқын, сонымен қатар қиындықтарға да толы болды, көптеген ізбасарлар мен шәкірттер тәрбиелеп, өзінің соңында өшпес жарқын бейне қалдырды. Ол өзінің отандастарымен бірге тарихи шығармашылыққа қалам тартып, революциялық романтиканы да, ГУЛАГ трагедиясын да бастан кешірді.

ХХ ғасырдың басында орын алған қиын-қыстау кезеңімен тұспа-тұс келген Әлімхан Ермековтың өмірі, шын мәнінде үлгі тұтарлықтай ірі, айбынды. Кітап кейіпкерінің есімі Қазақстан тарихына мәңгілікке еніп, ар мен абыройдың,  қайсарлық пен өмірсүйгіштіктің үлгісі болып қала бермек.

Кітаптың тұсау кесер рәсіміне қалың жұртшылық, мемлекет органдар  және қоғамдық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, ғалымдар, студенттер, тарихи тұлғаның туыстары, БАҚ өкілдері қатысады.

Тұсау кесердің модераторы – Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Арстан Мәуленұлы Ғазалиев.