Өмірден өткен ескі дос үшін


2017 жылдың 5 қазаны күні ҚарМТУ-дың екінші корпусында техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Минералды ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Жексембекұлы Хамимолданы еске алу құрметіне ескерткіш тақта мен ақпараттық стенд орнатылды (1952-2015).

Ескерткіш тақтаның ашылуына Бауыржан Хамимолда туыстары, достары, әріптестері мен университет басшылығы қатысты. Жақсы дос, ұмытылмас әріптестің құрметіне орнатылған ескерткіш тақта мен стендті ҚарМТУ ректоры, т.ғ.д. Марат Кеңесұлы Ибатов пен марқұмның жан жары  Күләш Әбдешқызы ашты. Марат Кеңесұлы бақилық болған қадірлі азамат  Бауыржан Жексембекұлын ерекше ілтипатпен еске алып, оның кісілік қасиеттерін, жасаған игі істерін, шәкірттерінің құрметіне бөленген  ұстаздық тұлғасы жайлы естеліктерімен бөлісті.

Бауыржан Жексембекұлымен бірге еңбек еткен әріптестері оның қандай қиын істі болсын, өзіне тән оптимизммен, тапқырлықпен еңсерген қажырлылығы, шешуші сәттерде қол астындағыларды іске жұмылдыра білетін басқарушылық қабілеті туралы, кез келген жанды баурап алатын әзілқойлық қасиеттері жайлы сөз қозғап, ашылуға қатысқан ескі достарының екі қызына бақыт тіледі.

Өмірден ерте озған жан жолдасының атын өшірмей, болашақ ұрпаққа үлгі етіп, ескерткіш тақта орнатып, қадір-құрмет көрсетіп жатқан білім ордасына ризашылығын білдірген  марқұмның жары Күләм Әбдешқызы қиын уақытта қолдау көрсеткен университет ұжымына алғысын айтты.

Хамимолда Бауржан Жексембекұлы 05.08.1952 ж. Талдықорған облысы Матай станциясында, теміржолшы отбасында дүниеге келген. Сол жерде мектеп бітірген.

1975 ж. «Пайдалы қазбалар кенорнын жерасты игеру технологиясы мен кешенді механикаландыру» мамандығы бойынша Қазақ политехникалық институтын бітіріп, тау-кен инженер мамандығына ие болды.

Еңбек жолын «Казметаллургстрой» трестінде директор орынбасарынан бастады. 1977 ж. Қарағанды политехникалық институтына ауысып, аспиранттан профессор деңгейіне дейін өсіп, ғылыми-педагогика жолының барлық сатыларынан өтті.

А.С.Сағынов атындағы «Пайдалы кенорындарын қазып өндіру (ПКОҚӨ) кафедрасында 1977-2001 жж. еңбек етті. 2001-2008 жж. кафедра профессоры бола, ҚарМТУ проректоры қызметін да қоса атқарды.

ҚарМТУ-де қызмет атқару кезінде 1995-1997 жж. Eskisehir Osmangazy University мемлекеттік университетінде (Түркия) ғылыми тағылымдамадан өтті.

Тау-кен ісі, қоршаған ортаны қорғау, тау-кен кәсіпорындары өндірістік қауіпсіздік салаларында атақты, белгілі ғалым ретінде танымал болды. Оның жайпақ және көлбей кенді сілемдерді қазымдау мәселелері бойынша зерттеулері кеңінен таралды. Осы зерттеулері кандидаттық (1982 ж.) және докторлық (2000 ж.) диссертацияларында, кен өндірісінде іске асырылды. Жемісті еңбегінің нәтижесінде 100-ден астам ғылыми жұмыстары жарияланды, оның ішінде 18 өнертабыс, 5 оқу құралы және 3 монографиясы бар.

Ғылыми еңбектерінің жемісін ғылыми ортада тәжірибеден өткізуге деген құлшынысы Бауыржан Жексембекұлын Кейін қызметін «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС «Қарағандытүстімет» өндірістік бірлестігінде бас директор орынбасары лауазымында жұмыс жасауға алып келді. «Қазақ мемлекеттiк тау-кен өнеркәсiбiндегi жұмыстардың қауiпсiздiгi жөнiндегi ғылыми-зерттеу институты» ЕМК, «Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы» РМК-да директоры болды. Мұнда да онымен бірге еңбек еткен әріптестері ғалымның теориялық білімді тәжірибеде қолдану шеберлігі мен кәсіби басқарушылық қырына талай рет тәнті болғандықтарын жасырмады. Бауыржан Жексембекұлымен жұмыс істеу оңай әрі қызықты болатын еді деп еске алды олар.

Адал еңбегінің арқасында ҚР БжҒМ-ның құрмет грамоталарымен, «Ы.Алтынсарин», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» — төсбелгілерімен марапатталған.

Без рубрики