КАРЛАГ: БОЛАШАҚ ҮШІН ЕСТЕ САҚТАУ


2020 жылдың 8-мамырында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде әлеуметтік «Серпін-2050» бағдарламасы аясында білім алып жатқан 1-курс студенттерімен (64 адам) «ZOOM» платформасы арқылы Долинка кентіндегі Репрессия құрбандарының мекені болған Карлаг мұражайы туралы онлайн-таныстыру дөңгелек үстелі өтті.

Іс-шара саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған.

Онлайн-дөңгелек үстел аясында студенттер өткен семестрде Қарағанды облысы Долинка кентіндегі  Карлаг мұражайына саяхатап барып, жазықсыз жапа шеккен, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған боздақтардың көрген қорлықтарынан сыр шертетін түрме бөлмелерінен қорқыныш сезімі ұялағанын айтты.

Олар Карлаг тарихымен, сәулет және тарих ескерткіштерімен, тоталитаризм дәуірінің куәгерлерімен танысты, Карлаг тұтқындарының балалары жерленген «Мамочкино зираты» мемориалдық кешеніне барды. Студенттер түрме камераларына, жертөлелерге барған кезде, Карлаг тұтқындары басынан кешкен азап пен қорлаудың құжаттық куәліктерін өз көздерімен көрді.

Іс-шара қонақтары Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу және әдістемелік қамтамасыз еті бөлімінің басшысы Малаев Д.Б., ТІ жөніндегі проректор Алпысбаева Н.А., доцент Сулейменова М.Ж. және университеттің Қазақстан тарихы каферасының бірқатар оқытушылары қатысты. Қонақтар студенттерге социализм құрудың сталиндік бағдарламасын жүзеге асыру үшін тұтқындардың тегін еңбегін жаппай пайдаланудың мақсаты болған Карлаг мұражайы туралы мағлұмат айтты. Сол 1,5 миллион тұтқынның дені «халық жауы» деген айыппен сотталғандар немесе cолардың отбасы мүшелері ретінде бас бостандығынан айырылғандар екенін, тұтқындар арасында әлемдік деңгейдегі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, бұрынғы партия-кеңес қызметкерлері болғандарын айтты. Карлаг — сталиндік саяси қуғын-сүргіннің адам айтқысыз айуандықпен жүргізілген азалы тарихы екенін еске түсіріп, бүгінгі егемен елдің жастары атадан балаға мирас болған тарихи құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтау керектігін жеткізді.

 

Без рубрики