Игі достың құрметіне


2017 жылдың 9 маусымы күні университетіміздің конференц-залында профессор, ҚарМТУ-дың Оқу-әдімемелік ісі жөніндегі проректоры болған, осыдан жарты жыл бұрын дүниеден озған Виктор Владимирович Егоровтың құрметіне шығарылған еске алу кітабының таныстырылымы өтті.  Жиынға марқұмның қызы Алена Викторовна зайыбымен, Ғылыми кеңес мүшелері, қызметтес әріптестері және достары қатысты.

Өзгенің қиындығын өзінікіндей қабылдап, қандай да бір мәселені шешуге әріптес ретінде де, дос ретінде көмегін аямай, үлкенге де, кішіге де адал бола білген Виктор Владимировичті  жиналғандар көздерінен жас тама, сағынышпен еске алды. Кітапқа Виктор Владимировичтің үзеңгілес достары, қызметтестері, шәкірттері жазған 59 естелік мақалалар кірген. Аталмыш кітапты жинақтау идеясы осы жылдың қаңтар айында туған еді. В.В. Егоровтың өткен жылдың 31 қаңтары күні өткен  қырқынан кейін университеттің Инженерлі педагогика орталығына марқұмның есімі беріліп, орталықтың қабырғасына мемориалды тақта орнатылған болатын.

Кітапты шығару үшін 6 ай бойы ғалымның Қазақстан және Ресейдің қалаларында тұратын жақын достарынан, Виктор Владимировичпен қатар қызмет еткен әріптестерінен көптеген естеліктер  жинақталды.

«Оның кабинетінің есігі әркімге әрдайым ашық болатын еді. Қызметкерлер оған тек тиісті «жазасын» алу үшін ғана емес, сондай-ақ өмірлік қиындықтарымен, толғандырып жүрген мәселелерімен, проблемаларымен бөлісу үшін баратын. Ол кабинетіне бас сұққан әр адамға міндетті түрде уақыт табатын еді, мұқият тыңдап, ақылын айтып, кеңесін беріп, кей-кейде әзілмен, сүйікті афоризмдерімен көңілін аулап, риза қып шығарып салатын еді. Университетте «Егоровтың жүрегі «Икарус» автобусы сияқты» деген сөз бар-тұғын. Шындығында да, оның сол алып жүрегі өмірінің соңғы жылдары өзіне түскен орасан жүкті көтере алмады ма, жарық дүниемен кенеттен қоштасты, — деді әріптесін көзіне жас ала еске алған ҚарМТУ профессоры Иосиф Брейдо.

Өз өмірінде  Виктор Владимирович үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, танымал ғылыми және педагогикалық еңбектердің авторы атанды. Талай шәкірттерін ғылым мен өндіріске баулып, танымал азаматтарды тәрбиелеп шығарды. Сондықтан өзі қызмет еткен ғылым ордасы Виктор Владимирович Егоровты ұмытпай есте сақтайды, ол әрдайым  Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің мақтанышы болып қала береді.

Без рубрики