«Эксклюзив» би ансамблінің мерейтойлық концерті және «Гранд лига» КВН ойындарының ақтық мәре сайысы


17 желтоқсан — Қарағанды Мемлекеттік Техникалық Университеті үшін жемісті әрі, жеңісті күн болды десек, қателеспеспіз! Себебі, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні қарсаңында Қарағанды қаласының Кеншілер Мәдениет үйінде «Эксклюзив» би ансамблінің 10-жылдық мерейтойы атап өтілсе, көп ұзамай, күн көзінің қарайған сәтінде «Гранд лига» КВН ойындарының ақтық мәре сайысы өтті. Жастар саясаты департаментінің ұжымына бұл ерекше күн болды.
Сағат 14.00! Зал қалың көрерменге лық толы. Кенеттен сахна төрінде ҚарМТУ-дың мың бұралған биші қыздары, яғни, «Эксклюзив» ансамблі «Балбырауын» биін орындады. Ендігі кезек, аталмыш құраманың жетекшісі, республикалық байқаулардың жүлдегері, лауреаты Парпиева Лаура Сағатқызының құттықтау сөзімен жалғасты. Арулардың өнерін тамашалауға келген көрермен жалынды жастарға қол соғып, арнайы жиып келген ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Жетекшінің ұйымдастыруымен «Эксклюзив» қыздары оннан астам би орындады. Атап айтсақ, «Кан-кан», «Снегурочки», «Испан», «Қанаттар», «Нәзік» және т.б. Жалпы 10-жылдық мерейтой жоғары дәрежеде өтті.
Сағат 18.00! Бұл жолы келген көрерменнің басым көпшілігі – жастар. Әрине, жайдарманшылардың сайысын көруге келген жандардың мақсаты – күлкі, әзіл. Сонымен, ақтық мәре, ақтық сын! Сахнада «Азия дауысы» (ҚарМУ), «Сборная людей» (Саран қ.), «Сборная Бульвар Мира» (ҚарМТУ).
Аталмыш дода 4 кезеңнен тұрды. «Сәлемдесу», «Биатлон», «Ширату» және «Үй тапсырмасы». Ойынға ерекше ынта қойып дайындалып келген топтар, халық назарынан толықтай шыға білді. Алайда, жастардың көкейінде бір сұрақ: «Кім чемпион?». Қойылған сұраққа қатысқан топтар өздері-ақ ойынымен жауап берді. Әнді сүйсініп тыңдайтын, әрі шебер орындайтын «Азия дауысы» тобы тақырыптан тыс қалған жоқ. Қазіргі заман әндерінің сөзін өзгертіп, халыққа ХХІ ғасырдың өзекті мәселелерін әуенмен жеткізуге тырысты. Шағын қала, Сараннан келген «Сборная людей» жайдарманшылары ерекше, есте қаларлық ойын көресетті. ҚарМТУ-дың мақтаныштары «СБМ» жігіттері осалдығынан бұрын, озаттығына қарай бет бұрып, ақтық мәреге үлкен дайындықпен келгендігін тағы бір дәлелдеді.

Қорытынды бөлімге келетін болсақ, кез келген сайыста өзінің жеңімпаздары болады. «Бап шабады, бап шаппаса, бақ шабады» — дегендей, жүлделі үшінші орыннан бастарлық. «СБМ» тобы халық көңілінен шыққанымен, әділ қазылар алқасының назарынан тыс қалып, қола жүлдеге қанағат тұтса, алтыннан алқа тағамыз деп келген «Сборная людей» жайдарманшылары күміс жүлдені қанжығасына байлады. Шеберлігімен іс жүзінде керемет ойын көрсеткен «Азия дауысы» — Бас жүлде иегерлері атанды.

               IMG_0558           IMG_0607

Без рубрики