ҚарМТУ-да Халықаралық маркшейдерлер форумы өтті


2017 жылдың 14 қыркүйегі күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті «Геодезия, маркшейдерлік іс және геотехникадағы инновациялық технологиялар» тақырыбындағы Халықаралық маркшейдерлер форумының қатысушыларын қарсы алды. Қонақтар арасында Өзбекстан, Ресей, Украина, Италия, Испания және  Швейцария сияқты Орта Азия, Шығыс және Батыс Еуропа елдерінің өкілдері болды.

Ғалымдар мен өндіріс мамандары мәжілісте маркшейдерлік, геология және жалпы, тау-кен саласының бүгінгі таңдағы өзекті проблемалары мен болашағы, даму жағдайы және жаңа инновациялық технологияларды игеру мәселелері бойынша пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.

Мәжілісті Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, профессор Марат Кеңесұлы Ибатов ашты. Ол: «Бүгінгі Халықаралық маркшейдерлер форумы және оның аясында екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған Қазақстан Маркшейдерлер ұйымының ІІ съезі – тек біздің білім ордамыз үшін ғана емес, барлық отандық және шетелдік тау-кен саласы қызметкерлері мен өнеркәсіп орындары үшін маңызды шара. Форумның мақсаты  – халықаралық деңгейде жаңа байланыстар құру, білім мекемелері мен өндіріс арасында дәнекер болу. Осы салада жасалып жатқан соңғы жаңалықтар мен  технологиялар туралы ой бөлісу», — деген сөздермен ашты.

Осыдан кейін сөз кезегін ресейлік қонақ – Халықаралық маркшейдерлік қоғамының (International Society for Mine Surveying) президенті Анатолий Леонтьевич Охотин алды.

Өз кезегінде Анатолий Охотин отыз жылдан астам уақыт бойы маркшейдерлер буынын тәрбиелеп келе жатқан техникалық жоғарғы оқу орнының басшыларына ризашылығын білдіріп, әңгіме ауанын маркшейдерлік іс және геология саласының бүгінгі таңдағы мәселелеріне аударды.  Ол дәл қазіргі кезде әлемдік деңгейде бұл мамандықтарға деген сұраныстың азайғанын, осының салдарынан бірқатар шетел мемлекеттерінде сала бойынша маман дайындау қысқарғанын атап өтті. «Дегенмен, мамандыққа деген қажеттілік бәсеңсігенімен, тау-кен саласында жер қыртысын зерттеу, өлшеу бойынша инновациялық технологиялардың кеңінен қолданылуы  мамандардың жаңа  буынына деген талаптарды арттырды. Себебі кен орындарын барлау ісі толығымен автоматтандырылған,  құрылғылар мен қондырғылар ғарыштан түсірілімдер жасап, оны компьютерлік тұрғыда өңдеуге бейімделген. Құрылғылардан келетін толассыз ақпарларды сараптап, ғылыми тұрғыда талдау жасап, тәжірибеге ұсынатын  сапалы мамандар – маркшейдерлік ісінің ендігі болашағын белгілемек», — деді Халықаралық маркшейдерлер ұйымының басшысы.

Форум қатысушыларының қызығушылығын осы шара аясында ұйымдастырылған заманауи инновациялық технологиялар көрмесі тудырды. Оған         Leica Geosystems (Швейцария), TRE Altamira (Испания және Италия), Ресей (Совзонд) сияқты шетелдік компаниялары заманауи маркшейдерлік геодезиялық технологияларды, атап айтқанда заманауи маркшейдерлік геодезиялық құрылғылар: лазерлі-сандық нивелирлер мен тахеометрлер, 3D-сканерлер, жаңа заманауи жерсеріктік бағдарлау жүйелерінің (GPS)  ұсынды.

Жалпы, бұл форум және оның аясында өткен Қазақстан Маркшейдерлер ұйымының ІІ съезі ҚарМТУ-дың «Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедрасының бастамасымен ұйымдастырылды. Осы кафедраның профессоры Фарит Камалович Низаметдинов «Қазақстан маркшейдерлер одағы» қоғамдық ұйымының президенті болып келеді. Өз сөзінде профессор биылғы съезд мәжілісінде маркшейдерлік жұмыстарды атқару кезінде   негізге алынатын маңызды нормативтік құжаттар – «Маркшейдерлік жұмыстарды орындау жөніндегі нұсқаулық» және «Карьерлер мен көмір разрездер   беткейлерінің қиябеттерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі қағидалары» талқыланатындығын атап өтті. Себебі бұл құжаттарда маркшейдерлік түсірілімдер және тау алаптарына арнайы геомехникалық зерттеу жүргізу жұмыстарын орындауға рұқсат беретін нормативтік талаптар мен ескертулер жазылған.

Анықтама ретінде.  Анатолий Охотин (Ресей, Иркутск ұлттық зерттеу техникалық университетінің профессоры) Халықаралық маркшейдерлік қоғамының (International Society for Mine Surveying) президенті болып 2016 жылдың 12-16 қыркүйегі күндері Брисбен (Австралия) қаласында өткен   ISM  XVI  бүкіләлемдік конгресінде сайланды.

Қазақстан маркшейдерлерінің одағы» ҚҰ-ның президенті – ҚарМТУ Маркшейдерлік іс және геодезия кафедрасының профессоры КарГТУ – Низаметдинов Фарит Камалович.

Без рубрики