Жаңа кітап тұсаукесері


2018 жылдың 28 ақпаны күні  ҚарМТУ конференц залында  тарих ғылымының кандидаты Есет Жемісбекұлы Есенғараевтың «Қоғам, институттар және әлеуметтік ғылымдар» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жиынды ҚарМТУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Әсем Сағатова басқарды.  Іс-шараға сондай-ақ Е.А. Букетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры Зәуреш Сақтағанова, ҚарМТУ-дың тәрбие ісі жөніндегі проректоры Назым Алпысбаева, университет оқытушылары, ғалымдары және студенттері қатысты.

Е.Ж. Есенғараев  .А. Букетов атындағы ҚарМУ-дың тарих факультетін бітіріп, ғылыми жолын  М.В. Ломоносов атындағы МГУ-дың аспирантурасында жалғастырған. Қазіргі таңда әлеуметтану және саясаттану бағытында қызмет етеді.  Оқытушылық  тәжірибесі мол, сондай-ақ әлеуметтік саясаттану технологиялары мәселелері бойынша  консалтингтік қызметтермен айналысады. Қазақстан, Ресей елдерінің ғылыми басылымдарында және республикалық БАҚ беттерінде өз пікірін жиі  жариялап отырады.

Өз сөзінде Е.Ж. Есенғараев жаңа кітабын таныстырып өтіп,  қоғамның жаңаруында, адам санасын өзгертудегі әлеуметтік ғылымдар мен инсититуттардың  маңызының өте зор екендігін айтты.

Оқырманға ұсынылып отырған жаңа кітап та осы қоғамның рухани жаңғыру мәселелерін қарастырады. Қоғамның жаңғыруы жетістікпен өтуі үшін  білімді және өмірдің қалыптасқан элементтерін өзгертуге деген құлшыныс болу керек, — дейді автор. Оның ойынша, қиындықты еңсере білуді тәжірибеге айналдыру керек, сонда ғана жас ұрпақ қажетті  даму жолына түсіп, қоғам қайта түлейді.

Іс-шара соңында студенттер кітап авторы мен пікірталас жүргізды. Бүгінгі қоғамымыздың келбеті жайлы жеке көзқарастарын ортаға қойған жастар, айтылған пікірлерін дәлелдеуге барын салды. Өз кезегінде әлеуметтанушы ғалым өскелең ұрпақ пікірін дұрыс бағытқа бағыттауға тырысты.

 

 

Без рубрики