«Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқуға түскен студенттердің Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығына баруы


Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан — 2030» Стратегиясында қойылған мақсаттар мен міндеттерді белсенді түрде жүзеге асыру, жастардың бойында патриоттық сезімдерін арттыру, Қазақстан халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтау, ұлтаралық татулық пен дінаралық толеранттылықты нығайту, жастар мен студенттердің терең білімге, заманауи ғылымға және ұлттық тәрбиеге құштарлығын арттыру, Елбасының бастамаларына қолдау көрсету мақсатында «Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы» КМҚК өткізілетін ұлттық, мемлекеттік, кәсіптік мерекелік атаулы күндерге экспозициялық залдар бойынша экскурсиялар ұйымдастыруына байланысты ҚарМТУ-ға «Мәңгілік ел жастары-индустрияға» — «Серпін-2050» әлеуметтік бағдарламасы бойынша білім грантына ие болған студенттер Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына барды.

       Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы 2011 жылы 22 қарашада Теміртау қаласында Мемлекет басшысы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Тарихи-мәдени орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тәуелсіз мемлекетімізді құрудағы, қалыптастырудағы және дамытудағы аса көрнекті рөлін ашып көрсету. Қазақстандықтар үшін Тәуелсіздік ұлт тарихындағы жаңа дәуірдің нышаны, Қазақстанның гүлденуі мен тұрақты дамуының берік негізі. Орталықта алты мұражай залы бар.

       «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталатын бірінші залда Астана – Қазақстан астанасының макеті орналасқан. Онда көрнекі түрде мемлекетіміздің  бас қаласының көз тартарлық орындарының бір біріне ұқсамайтыны нақты көрінеді.  Ақпараттық дүңгіршек-бағаналары арқылы  астаналық ғимараттар туралы білуге болады. Мұндай технологиялық   «ноу-хау»  барлық 6 залда бар. Touch Screen экраны бар электрондық бағаналар арқылы мұражай келушілері үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) мұражайдағы әрбір экспонат туралы толық ақпарат, қосымша фото және бейне материалдар ала алады.
       Екінші зал  — «Өз заманының перзенті» — Елбасының балалық шағы, жастық шағы және отбасы,жақындары мен туыстары арасында  тұлғаның қалыптасуы туралы әңгімелейді. Мұнда алматылық шеберлермен күміс және алтын жіппен есімдері  кестеленген Нұрсұлтан Назарбаевтың шыққан тегінің шежіресі қойылған. Осы залда Елбасының өміріне маңызды әсерін тигізген ғимараттардың макеттерін көруге болады.
      Үшінші зал — «Тұлғаның ерен қабілеті» — Қазақстан Магниткасы құрылысының тарихы туралы, зауыт салу идеясынан бастап металлургиялық комбинат жұмысын толық өндіріс  циклына шығаруға дейін әңгімелейді.
     Төртінші зал – «Қазақстанның құрыш келбеті» — тікелей металлургия өндірісінің үрдісін бейнелейді. Келушілер қарапайым адамның көруіне мүмкін емес, металл өндірудің технологиялық үрдісін көре алады.
        Бесінші  зал – «Уақыт ағымы», Нұрсұлтан Назарбаевтың, өз білімі мен біліктілігі арқылы, партия көшбасшысынан ҚР Тұңғыш Президентіне жеткен,  20 жыл өмірі туралы әңгімелейді.
       Алтыншы зал – «Қазақстан жолы» — көрме залы. Мұнда Тәуелсіз Қазақстанның  20 жыл бойы қалыптасуы туралы  толық ақпарат ұсынылған. Сонымен қатар, үлкен экран арқылы еліміздің барлық 14 облысы туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік бар.
Тарихи-мәдени орталықта  көрме залдарынан басқа өзге де жайлар бар: ғимараттың цокольдық қабатында қор қоймасы, полиграфиялық зертхана, жөндеу шеберханалары, үйірме бөлмелері, сонымен қатар, инженерлік-техникалық және тұрмыстық жайлары да бар.   Жоғары қабатта лекторийлер, концерттер өтетін 137 орынға арналған кино-лекция залы; ғылыми конференциялар, съезд және кеңестер өткізуге арналған, проекциялық құралдарымен, аудио-блогтармен жабдықталған 80 орынды үлкен зал және 30 орынды   шағын зал бар.

            Аталған бағдарлама студенттері Елбасымыздың тарихи-мәдени орталығына барғандағы әсерлерімен бөлісті. Мысалы, АиУ-16-1 тобының студенті Бакытбекұлы Асылбек өзінің алған әсерімен бөлісті: «Біз музейге кіргенде, жарқын жүзді музей қызметкерлері күтіп алды. Сол сәттен бастап менің көңіл-күйім жақсырақ бола түсті. Музей қызметкерлері бізге Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың оқу орнын көрсеткенде, өзімнің ҚарМТУ-ға оқуға түскеніме шын жүректен қуандым. Бізді осындай керемет музейге алып барып, көрсеткендеріңізге мың алғыс!», десе ГПР-16-1 тобының студенті Сейтжаппар Нұртемір: «Жалпы музей керемет, қатты ұнады, бәрі заманауи жабдықталған. Қызмет көрсетуі де ерекше, музейге барып танысқаныма қуаныштымын»,- деп жылы лебізін білдірді.

Без рубрики