Ректор балы – романтикалық би кеші


5 мамыр күні Қарағанды қаласының «Arista» мейрамханасында романтикалық би кеші – ҚарМТУ ректорының балы барлық сән-салтанатымен өтті.  Сұлу да сымбатты бойжеткен мен бозбалалар би кешіне үлкен дайындықпен келген екен. Әуелете шырқалған музыка әуеніне ере вальс, мазурка, полонеза, менуэт сияқты ескі билер билеген олар осымен бесінші рет қатарынан өткізіліп отырған ректор балының сәнін кіргізді. 

Биылғы жылғы салтанатты кеш «Алаш» қозғалысының 100-жылдығы және ҚР мемлекеттік рәміздерінің 25-жылдығы және ҚР Қарулы күштерінің құрылғанын 25 жыл толуына арналған.

Бұл іс-шара жыл сайын болашақ инженер мамандардың бойында еліне деген патриоттық сезімді  тәрбиелеу, оларды шығармашылық пен мәдениетке баулу, эстетикалық танымын кеңейтіп, өзара игі қарым-қатынас жасауға үйрету  мақсатында ұйымдастырылады. Оны өткізу идеясы техникалық университеттің белсенді студент жастарына тиесілі.

 

 

 

 

 

 

 

Кештің қадірлі қонақтары ретінде  «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, Қарағанды облысы  білім беру саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Татьяна Самойлюк, облыс, қала қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері, БАҚ өкілдері, студенттердің ата-аналары және білім ордамыздың қызметкерлері шақырылды.

Салтанатты би кешінің ашылу рәсімінде ҚарМТУ Марат Ибатов: «2013 жыл студентердің бастамасымен жүзеге асырылған бұл шара бүгінде университетіміздің игі  дәстүрлерінің біріне айналған. Әдеттегідей бүгінгі кешке оқуда да, ғылымда да және қоғамдық қызметте де озатболған 100 үздік студенттік жұп қатысып отыр. Бұл ҚарМТУ студенттерінің  Қазақстан жастарының элитасы екендігін дәлелдей отырып, біздің білім алушылардың бірегейлігін айқындап отыр», — деді.

Балға қатысушылар кеште үш ай бойы үздіксіз жүргізген дайындықтарының зая кетпегенін көрсете білді. Би өнерінде алдына жан салмаған олар тек жұп болып билеп қана қоймай, қонақтармен де дөңгелете вальс билеп, шығармашылық нөмірлер де орындады. Кешті қаламыздың танымал өнер иелері Әкім Думан және Нұргүл Умиртаева жүргізді.

Салтанатты шара соңында «Король және Королева» сайысында жеңіп шыққан жұп анықталды. ҚарМТУ ректоры балының биылғы жылғы үздік жұбы  Ернияз Заманбек (Энергетика, автоматика және  теле байланыстар факультетінің 3 — курс студенті)  және  Анара Аскарова (Тау-кен факультетінің 3 — курс студенті) атанды. Ал Айбат Калкаманов (Сәулет-құрылыс факультетінің 3-курс студенті) және Дильфуза Байжигитова (Жол-көлік факультетінің 3-курс студенті) «Көрермендер көзайымы» номинациясына ие болды.

Би кешінің үздіктеріне демеушілер тарапынан сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Без рубрики