Мектеп мұғалімдері, колледж және ЖОО-ның оқытушыларына арналған семинар-тренинг


2016 жылдың 28 қазанында Қарағанды техникалық университетінде (Қарағанды қ. Қазақстан), мектеп мұғалімдері, колледж және ЖОО-ның оқытушыларына арналған «Teacher training in multilingual education: discussing methods and principles through theory and practice» атты тақырыпта семинар-тренинг өтті.
Семинарды ҚарМТУ-дың Көптілді білім беру инновациялық орталығы мен орыс және шет тілдері кафедрасы ұйымдастырды.
Семинар-тренингтің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының білім беру мазмұнын жаңарту процесі аясындағы көптілді білім беру саясатын жүзеге асыруда тәжірибе бөлісу, еліміздің орта және жоғары мектептерінде шет тілдерін үйретуді жүйелі түрде енгізу.
Семинардың модераторы –Жаңа Орлеан, Луизиана штатының Colorado State University, Delgado Community College-нің оқытушысы, магистр ТEOSL/ТEFL – Taryn U`Halie.
Семинар барысында оқытушылар көптілді білім берудің негізгі тәсілдері мен әдіснамасы жайлы, жаңа форматты білім беруді жүзеге асырудағы дайындық турасында мәлімет алып, ұсынылған әдіс-тәсілдерді тәжірибе жүзінде талқылап, нақты тапсырмаларды орындады. Қатысушылар сондай-ақ бірнеше тілде тапсырма құрастыру алгоритмімен танысты.

Семинардың алғашқы бөлімі көптілді білім берудің әдістемелік және әдіснамалық жағына, яғни, теориялық негіздеріне көбірек тоқталды. Мұнда көптілді білім берудің мақсаттары мен міндеттері жіті қарастырылды. Taryn U`Halie оқытушыларға пән бойынша сабақ жоспарлары мен бағдарламаларын құрастыруда туындайтын негізгі проблемаларды атап көрсетті.
Семинардың келесі бөлімі интерактивті сабақ түрінде өтті, қатысушылар мұнда дәріс жүргізудің тәжірибелік жағымен танысты. Қатысушылардың топтық жұмысы өзара пікір алысуға мүмкіндік беріп, шыққан нәтижелерді көпшілік алдында талқылау дәріс жоспарлары мен бағдарламаларын бірыңғай тәртіппен құрастыру әдіснамасын анықтауға себебін тигізді.
Іс-шара танымдық-тәжірибелік тұрғыдан жоғары бағасын алды, бұған қатысушылардың білдірген алғыс-тілектері мен пікірлері дәлел бола алады. Позитивті қарым-қатынасқа бағытталған, жақсы ұйымдастырылған жұмыс ортасы оқытушылардың жемісті түрде тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызды. Оқытушылар семинар барысында бір-бірімен емін-еркін пікір алмасып, жаңа ақпараттар және жеке тәжірибелерін бөлісе білді. Семинар соңында қатысуышылардың барлығына сертификаттар табысталды.

Без рубрики