ІХ облыстық студенттер спартакиадасы басталды


21 ақпан күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің спорт кешенінде ІХ облыстық студенттер спартакиадасының ашылуы өтті. Спартакиаданың негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау, оларды дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, жастар арасында достық пен сенімді нығайтып, бұқаралық спортты дамыту.

 Жарыстар екі кезең бойынша өткізіледі: белгіленген ережеге сәйкес алдымен студенттер өз оқу орындарында сайысқа түседі, одан кейін қатысушылар ішінен жеңімпаздар іріктеліп, құрылған командалар ЖОО арасындағы додада бақ сынасады.

Спорттық сайыстарға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бекіткен жаттықтырушылар төрелік етеді.

Әкімнің бас жүлдесі тігілген аталмыш спартакиада  спорттың 13 түрінен өтеді: шаңғымен жарысу (эстафета), конькимен жүгіру, Президенттік қысқы көп сатылы жарыс, мини-футбол, волейбол, баскетбол, қазақ күресi, үстел теннисі, шахмат, шашки, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика және асық ату ойыны. Аталған спорттық сайыстарға облыстағы жоғарғы оқу орындарының студент жастары қатысуда.

Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсіміне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукова қатысып, қатысушыларға:

  • Бұл жарыстардың ХХVIII Универсиададан кейін көп ұзамай өткізіліп жатқанының өзінде үлкен мән бар. Өйткені әлем үздіктері қатысқан  халықаралық сайыста  облысымыздың спортшылары ең жоғарғы нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Бүгінгі облыс әкімінің жүлдесі тағайындалған аталмыш сайыс та бізге жаңа есімдерді танытады деген сенімдеміз, — дей отыра, дәл қазір қысқы Азиада ойындары өтіп жатқан Жапон елінің Саппоро қаласындағы жерлес спортшыларымызға сәттілік тіледі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының сөзін жалғастырған университетіміздің бірінші проректоры  Аристотель Исагулов мұндай ойындардың әлеуметтік маңызына тоқтала отырып:

Жастарды бір мақсатқа жұмылдыруда спорттық ойындарға тең келер ештеңе жоқ.  Аталмыш додада университетіміздің намысын қорғайтын жастардан көп үміт күтудеміз, сіздерге сенеміз, — деп, спортшыларға жеңіс тіледі.

Еске сала кетсек, 2012 жылдан бастап, соңғы бес жыл ішінде бұл спартакиаданың жеңімпазы болып, Е.А. Букетов атындағы ҚарМУ-дың студенттер командасы алғы шептен көрінуде.  Екінші және үшінші орындарды Қарағанды медициналық және техникалық университеттерінің студенттері бөліскен екен. Ал Қарағанды экономикалық университетінің жастары осы командалардың өкшесін басып келеді.

Спартакиада соңында спорттың әр түрінен жеңіске жеткен және жүлдегер командалар сайыс түрлері бойынша облыс әкімі атынан жеке-жеке естелік сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады. Ал жабылуы 27 ақпан күні Қарағанды жеңіл атлетика манежінде өтеді.

Без рубрики