Елбасының жаңа Жолдауы мен «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті


9 ақпан күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын талқылауға және «Тәуелсіздік дәуірі» жаңа кітабын насихаттауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Шараның мақсаты студенттер жастарға келешек Қазақстанның бағдарламалық құжатын, оның әр тармақтарын жүйелі және айқын іске асыруды жан-жақты түсіндіру болып табылады. Дөңгелек үстелге ҚарМТУ-дың Тәрбие ісі жөніндегі проректоры Назым Аманғызықызы Алпысбаева, Қарағанды облысы әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» ғылыми-сараптамалық қолдау және әдістемелік қамту бөлімінің жетекшісі Думан Базаркейұлы Малаев, ҚарМТУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, доцент Әсем Серікқызы Сағатова және кафедра оқытушылары Сәуле Сүйіндікқызы Қасымова, Машакар Жүнүсқызы Сүлейменова, Сондай-ақ Ег.А. Букетов атындағы ҚарМУ, «Болашақ» академиясының оқытушылары мен білім ордамыздың студенттері қатысты.

Облыс әкімдігінің өкілі Думан Малаев өз сөзінде студент жастарды Елбасы Жолдауында қойылған негізгі міндеттермен таныстырып, атаулы құжатпен өзектес «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басымдықтары туралы әңгіме қозғады. Басты мақсаты қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру болып табылатын бұл маңызды құжатта 17 тың бастама, 120 нақты іс-шара қамтылғанына тоқтала отырып, спикер бағдарламаны іске асыру бес бағыт бойынша жүзеге асатынын айтты. Олар: бірінші – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, екінші бағыт – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру, үшінші – цифрлы Жібек жолы, интернетпен қамтамасыз ету және оны ауылға дейін жеткізу, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту, төртінші – адами капиталды дамыту, IT мамандарды даярлау, бесінші – инновациялық экожүйе құру.

ҚарМТУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, т.ғ.к. Машакар Сүлейменова өз баяндамасын Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабына арнады. Ол еліміздің егемен мемлекет ретінде негізі қаланған күннен бастап, 26 жылдық тәуелсіздік тарихының қалыптасу кезеңдері жайлы деректер келтірілген кітаптың тарауларына тоқталып, мәтіннен үзінділер келтірді. «Мемлекетімізді қалыптасқан жаңа жаһандық ахуал жағдайында жаңғырта отырып, әлемдегі ең өркенді 30 мемлекеттің қатарына қосу осы кітаптың басты идеясы»,- деді.

Дөңгелек үстел басында жасалған баяндамалардан кейін сөз кезегі жастарға беріліп, студенттер айтылған тақырыптар төңірегінде өз пікірлерімен бөлісті, қонақтарға сұрақтар қойды.
Кездесуді ҚарМТУ-дың «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Әсем Сағатова қорытындылап, ел өмірінде болып жатқан өзгерістердің қалыпты өтуіне, жасалып жатқан реформалардың дұрыс әрі тиянақты орындалуына және еліміздің саяси және әлеуметтік тұрғыдан дамуына аталған құжаттардың тигізер ықпалы зор деді.

Без рубрики