ҚАРМТУ СТУДЕНТТЕРІ УНИВЕРСИАДА–2017 АЛАУ ЭСТАФЕТАСЫНА ҚАТЫСАДЫ


26 қаңтарда 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың Алау эстафетасының өңірлік кезеңі өткізілмек.

Ұзақтығы 12 шақырым болатын Алау эстафетасы Қарағанды мен Теміртауда өтеді. Бұл аралық әрқайсысы 200 метр болатын кезеңдерге бөлінеді. Алауды алып жүруге арнайы комиссия 60 адамды іріктеп алды.

Алау «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның № 2 домна пешінен тұтандырылмақ. Бұдан соң оны Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің студенттері алып жүреді. Сонымен қатар, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті тау-кен факультетінің студенттері шахтаға түсіп көмір алып, кейін оны «Қарағанды Арена» мұз сарайындағы негізгі алау құтысына жеткізеді.

Теміртаудан келетін алау ұстаушыларды Қарағандыда «Шахтер» стадионында қала әкімінің қатысуымен өтетін салтанатты митингпен қарсы алады.

Алау эстафетасының соңынан «Қарағанды Арена» мұз сарайында мерекелік шоу ұйымдастырылмақ. Арнайы құтыдағы алауды ұшақпен алау эстафетасының техникалық делегаты Абылайхан Жүсіпов Алматыға жеткізеді.

 

Без рубрики