Шекарасыз білім, шексіз мүмкіндіктер: Қарағанды Техникалық университетінің өкілдері Қытайда тағылымдамадан өтуде


Бүгінде жоғары білім саласында халықаралық тәжірибе алмасу, жаңа білім мен озық технологияларды меңгеру ерекше маңызға ие. Бұл университеттердің дамуына, білім беру сапасын арттыруға және әлемнің жетекші оқу орындарымен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.

Осы бағытта Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің оқытушылары мен қызметкерлері Қытай Халық Республикасында Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдеріне арналған кәсіби даму бағдарламасына қатысуда.

2026 жылғы 3–23 маусым аралығында университет делегациясы серіктес Шихэцзы университетінің базасында тағылымдамадан өтуде. Бағдарлама Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі (MOFCOM) үйлестіретін China Aid мемлекеттік бастамасы аясында ұйымдастырылған.

Оқыту екі бағыт бойынша жүргізілуде: ШЫҰ елдерінің қытай тілі оқытушыларының біліктілігін арттыру және энергетика саласындағы мамандардың кәсіби білімін жетілдіру.

Бағдарламаға ҚарТУ-дың 13 оқытушысы мен қызметкері, сондай-ақ Мысыр, Непал, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысуда. Мұндай халықаралық алаң мамандардың тәжірибе алмасуына, жаңа кәсіби байланыстар орнатуына және болашақтағы бірлескен жобалардың дамуына жол ашады.

Сонымен қатар, қатысушылар Үрімші және Бейжің қалаларындағы жетекші университеттер, ғылыми орталықтар мен өндіріс орындарының жұмысымен танысып, білім, ғылым және өндірісті ұштастырудың озық тәжірибелерін меңгереді.

Бұл тағылымдама университет қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, халықаралық серіктестікті кеңейтуге, жаңа ғылыми байланыстар орнатуға және білім беру үдерісіне үздік тәжірибелерді енгізуге жаңа мүмкіндіктер береді.

Без рубрики