«Пайдалы қазбалар кенорындарын өндіру» кафедрасы


Байланыс
 Пайдалы қазбалар кен орындарын қазып өндіру кафедрасы

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ПҚКӨ кафедрасы тау-кен және мұнай-газ өнеркәсібіне, жерасты құрылысына, жобалау және ғылыми ұйымдарға мамандар даярлайды. Кадрлар бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде дайындалады.

Студенттер пайдалы қазбаларды өндіру технологияларын таңдауды, өндірістік үдерістерді жобалауды, тау жыныстары массивінің күйін бағалауды және жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді үйренеді. Білім беру бағдарламалары инженерлік есептеулерді, цифрлық модельдеуді, практикалық даярлықты және зерттеулерді қамтиды.

Бакалавриат

Түлектерге техника және технология бакалавры дәрежесі беріледі.

6B07202 Тау-кен ісі

Бағдарлама көмір және кен орындарын ашық және жерасты тәсілдерімен игеруге мамандар даярлайды. Студенттер қорларды ашу мен дайындауды, игеру жүйелерін, бұрғылау-жару жұмыстарын, жабдық таңдауды және өндірісті ұйымдастыруды оқиды. Кен орындарын компьютерлік модельдеуді, геоақпараттық жүйелерді және BIM — объектілерді ақпараттық модельдеу технологиясын қолдана отырып цифрлық жобалауды меңгереді.

Кәсіби қызмет бағыттары. Шахталарда, кеніштерде, карьерлерде, тау-кен және жобалау ұйымдарында тау-кен жұмыстарын жоспарлау мен ұйымдастыру, технологиялық есептеулер және өндірістік бақылау.

6B07203 Мұнай-газ ісі

Бағдарлама бұрғылау, мұнай мен газды өндіру, жинау, дайындау, тасымалдау және сақтау үдерістерімен жұмыс істеуге даярлайды. Студенттер инженерлік есептеулер жүргізуді, ұңғымалардың, құбырлардың және қоймалардың жабдықтарын пайдалануды, техникалық құжаттамамен жұмыс істеуді және өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді үйренеді.

Кәсіби қызмет бағыттары. Мұнай-газ өндіру және сервистік кәсіпорындар, құбыр көлігі ұйымдары, мұнай базалары мен газ қоймалары.

6B07207 Тау-кен кәсіпорындарының және жерасты ғимараттарының құрылысы

Бағдарлама жерасты объектілерін жобалауға, салуға және пайдалануға мамандар даярлайды. Студенттер тау-кен қазбаларын жүргізу мен бекітуді, құрылыс технологияларын, тау-кен жабдықтарын және әртүрлі тау-кен геологиялық жағдайларда жұмыстарды ұйымдастыруды оқиды. Құрылыстардың параметрлерін есептеуді, технологиялық шешімдерді таңдауды және жобалық құжаттаманы әзірлеуді үйренеді.

Кәсіби қызмет бағыттары. Тау-кен құрылысы, тау-кен өндіру және жобалау ұйымдары; шахталарды, кеніштерді және жерасты құрылыстарын салу мен қайта құру.

 

Магистратура

7M07203 «Тау-кен ісі» бағдарламасы бойынша даярлық екі бағытта жүргізіледі.

Даярлау бағыты Мерзімі Берілетін дәреже
Ғылыми-педагогикалық 2 жыл Техника ғылымдарының магистрі
Бейіндік 1,5 жыл Техника және технологиялар магистрі

Ғылыми-педагогикалық бағыт зерттеу, инженерлік және оқытушылық қызметке даярлайды. Бағдарламаға зерттеу әдістері, жоғары мектеп педагогикасы, сандық модельдеу, геомеханика және өнеркәсіптік қауіпсіздік кіреді. Педагогикалық және ғылыми-зерттеу практикалары қарастырылған.

Бейіндік бағыт өндірістік міндеттерді шешуге және техникалық басқаруға арналған. Оқыту автоматтандырылған жобалауды, геомеханикалық модельдеуді, тау-кен қазбаларын күтіп ұстауды, желдетуді және метан қауіпсіздігін қамтиды. Магистранттар технологиялық шешімдерді тиімділік пен қауіпсіздік талаптарын ескере отырып негіздеуді үйренеді.

 

Докторантура

8D07202 Тау-кен ісі

Философия докторы (PhD) дәрежесін беретін ғылыми және ғылыми-педагогикалық даярлық. Докторанттар зерттеу әдістерін, геомеханиканы, сандық модельдеуді және ғылыми жобаларды басқаруды меңгереді. Бағдарлама өз бетінше зерттеу жүргізуге, технологияларды әзірлеуге және жоғары оқу орнында сабақ беруге даярлайды.

8D07205 Тау-кен инженериясы

Бейіні бойынша доктор дәрежесін беретін бейіндік докторантура. Даярлық тау-кен өнеркәсібінің инженерлік міндеттерін шешуге және қолданбалы зерттеулерге бағытталған. Бағдарлама ресурстарды үнемдейтін геотехнологияларды, ғылыми жобаларды басқаруды және кәсіпорын қызметіндегі экологиялық, әлеуметтік және басқару факторларын ескеретін ESG тәсілдерін қамтиды.

Практикалық даярлық және кәсіби даму

Бағдарламаға қарай оқу, өндірістік, диплом алдындағы, зерттеу немесе педагогикалық практика қарастырылған. Практикалық тапсырмалар мен жобалар инженерлік есептеулер жүргізу, деректерді талдау, техникалық құжаттама әзірлеу және шешімдерді негіздеу дағдыларын қалыптастырады. Білім деңгейі мен тәжірибесіне қарай түлектер инженерлік, жобалау, басқару, ғылыми және оқытушылық қызметте кәсіби дамуын жалғастыра алады.

Без рубрики