4–6 қыркүйек аралығында Абу-Дабиде (БАӘ) джиу-джитсудан Азия чемпионаты өтті. Құрлықтың үздік спортшылары бас қосқан байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Saginov Technical University Сәулет-құрылыс факультетінің студенті Алматай Жігер өнер көрсетті.
Жігер жарыс жолын сенімді бастап, қарсыластарын кезең-кезеңімен артқа қалдырып, финалға дейін жетті. Ол бозкілемде шеберлігімен қатар, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін көрсете білді.
Алғашқы белдесуде Иордания спортшысынан басым түсті. Ал финал жолдамасы сарапқа салынған жартылай финалда алаң иесі – БАӘ өкілін жеңіп, чемпиондық атақ үшін күресуге мүмкіндік алды.
Шешуші белдесуде Жігер Тәжікстанның мықты спортшысымен кездесті. Тартысты өткен финалдың қорытындысы бойынша отандасымыз Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Құрлық біріншілігінде жүлдеге қол жеткізу – спортшы үшін де, университет үшін де маңызды жетістік. Жігердің бұл нәтижесі Saginov Technical University студенттерінің білім мен ғылымда ғана емес, халықаралық спорт аренасында да Қазақстан намысын абыроймен қорғап жүргенін көрсетеді.
Алматай Жігерді Азия чемпионатының күміс жүлдесімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда жаңа белестерді бағындырып, Қазақстан ұлттық құрамасының сапында жарқын жеңістерге жете беруіне тілектеспіз!