ҚарМТУ Үндістан ұлттық кадет корпусының кадеттерін қарсы алды


 

2430 қыркүйек аралығында Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті Үндістан ұлттық кадет (ҰКК) корпусының кадеттері мен оларды бастап келген Үндістанның  ҚР  әскери атташесі Милан Налавадені қарсы алды. Кездесуді Үндістан Республикасының Ұлттық кадет корпусымен бірқатар уақыт бойы тығыз байланыс орнатуға мұрындық болған  университетіміздің Әскери кафедрасы ұйымдастырды.    

Биылғы жылдың 15-29 қаңтары аралығында  Оңтүстік-Шығыс Азия және ТМД елдерінің әскери білім беру мекемелерінің арасында тәжірибе алмасу іс-шаралары аясында ҚарМТУ студенттері Үндістанның Нью-Дели қаласындағы Ұлттық кадет корпусы лагерінде болып қайтқан еді. Біздің студенттеріміз сондай-ақ Дехрадун қаласында орналасқан Ұлттық кадет корпусының өзінде болып, әскери техника парадына қатысып, осы елдің әскери білім беру және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ерекшеліктерімен танысқан еді.  Сонымен қатар олар талай туристі тамсандырған  Үндістанның әйгілі тарихи ескерткіштері Тәж Махал, Жантар-Мантар обсерваториясы, Сарга-Сули мұнарасы, Амбер сарайын және ортағасырлық Джайгарх әскери фортын тамашалап, ел тарихынан да білім жинап қайтқан еді.

Бүгінде  Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті қабырғасында қонаққа келіп қалған үнді кадеттеріне арнап, барынша қызықты бағдарлама ойластырылды.  Алыстан ат терлетіп келген қонақтармен  білім ордамыздың  ректоры Марат Кенесұлы Ибатов  кездесіп, екі ел арасындағы байланысты нығайту турасында өз пікірімен бөлісіп, қарсы жақтың ойын тыңдады.

Ресми кездесуден кейін үнді кадеттері және әскери атташе Милан Налаваде жоғарғы оқу орнының оқу-әдістемелік кешенімен, материалдық базасымен танысып, университет мұражайын аралады.

Қарағандыда өткізетін күндерінде Ұлттық кадет корпусының жас офицерлеріне арнайы саяхат бағдарламасы ұйымдастырылып,  олар Теміртау қаласындағы  Тұңғыш Президент мұражайына, Теміртау және Қарағанды қалаларының тарихи-өлкетану мұражайларын тамашаламақ. Сондай-ақ  кадеттерді Спасск мемориалдық кешені мен Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына экскурсия жасамақ.

Без рубрики