Қызықты қысқы сапар


10-11 ақпан аралығында университет студенттері «Жас Орда» студенттер кәсіподағы ұйымының бастамасымен «Snow Fest» дәстүрлі қысқы сапарына барып қайтты. Теміртау қаласының «Космонавт»  спорттық демалыс базасында өткізілген екі күн жастар үшін қуанышты сәттерге толы болды. Бұл жолғы сапар Қарағанды қаласының құрылу күніне және ХХVIII Қысқы Универсиаданың аяқталу кезеңіне орай ұйымдастырылды.

Жаз, күз, қыс айлары өтетін бұл сапарлар ұйым мүшелігіне енген әрбір студенттің асыға күтетін күндеріне айналған. Өйткені дәл осы қысқа мерзім ішінде жастар тек көңіл көтеріп, спорттық ойындар ойнап қана қоймай, өздерінің білімдерін толықтырып,  жаңа қабілеттерді игеріп, көптеген достар табады.

Бұл жолғы қысқы сапарда ақпанның аязына алдырмастан, 110 студент  9 командаға бөлініп, өзара интеллектуалдық, спорттық және шығармашылық сайыстарда білімі мен біліктерін сынасты. Екі күндік бағдарламада спорттық сайыстармен қатар, психологиялық және дамытушы тренигтер жүргізілді. Бұл мақсатта студенттерге тұлғалық өсу тренигін өткізу үшін психолог маман Айнаш Каукенова шақырылды. Екі күндік сапарда жастармен жұмыс жасаған Айнаш, студенттермен өткен әрбір сәтінің қызықты әрі позитивті өткенін, шақырту алғанына риза болғанын жасырмады.

Сапар соңында оған қатысқан әр студент сертификатқа, ал сайыс жүлдегерлері демеушілер сыйлығына ие болды. Ал ең бастысы – барлық қатысушы қысқы сапардан студенттік өмірдің ұмытылмас та қызықты естеліктерін алып қайтты.

Без рубрики