«Түлек-2020» жәрмеңкесі


Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Түлек-2020»  дәстүрлі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға 40 мамандық түрі бойынша 1648 студент пен 120-дан аса жұмыс беруші қатысты. 

«Бұл жәрмеңкенің ерекшелігі – жиырма рет қатарынан өткізіліп отырғандығы. Біз мемлекет есебінен тегін немесе ақылы оқитын студенттерді бөліп-жармай, барлығын түгелдей дерлік жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Осы бағыттағы жұмысты ЖОО-ның «Жұмыс мамандықтарының орталығы қызметкерлері» жәрмеңке уақытында ғана емес, жыл бойы ұйымдастыруға тырысады. Осының нәтижесінде біздің университеттің студенттерін жұмысқа орналастыру 90 пайыз көрсеткіштерді көрсетіп отыр», — дейді ҚарМТУ-дың бірінші проректоры Аристотель Исағұлов.

Биылғы жылы да жәрмеңкеге әдеттегідей Қарағанды,  Нұр-Сұлтан қалаларынан, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Солтүстік-Қазақстан, Қостанай, Қызылорда және Қарағанды облыстарының белді кәсіпорындарының өкілдері шақырылған еді. Олардың қатарында мемлекеттік, жеке мекемелермен қатар халықаралық ұйымдар мен ұлттық компаниялар да бар. Кәсіпорындардың кейбірі жәрмеңкеге өз мамандарының қатарын жаңарту немесе толықтыру мақсатымен келсе, енді біреулері болашағынан үміт күттірген жастарды келешекте жұмысқа тарту үшін қатысып отыр. Сонымен қатар бұл кәсіпорындардың ішінде ҚарМТУ-мен көп жылдардан бері әріптестік қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатқан  «Караганданеруд» АҚ, АҚ ««ҚазМұнайГаз»Ұлттық компаниясы», «АрселорМитталТеміртау АҚ, «Трансойл» Ұлттық мұнай-газ компаниясы АҚ,  Қарағанды Промстройпроект» ЖШС , «Қарағанды жолдары» ЖШС , «№3 автобус паркі» АҚ, «ГорКомТранс» ЖШС және басқа да көптеген кәсіпорындар ҚарМТУ түлектерін жұмысқа алуға оң пікір танытып отыр. Себебі  бұл өндіріс орындары ҚарМТУ-мен «Корпоративті Университет» шеңберінде 10 жылдан астам бірге жұмыс жасап отырғандықтан, өз кәсіпорын объектілерінде арнайы университетіміздің филиалы, яғни зертханалар ашып, түлектерді  жұмыс барысында сынап, білімдерін байқап көруді тәжірибеге енгізген. Өндіріс орындарымен осы тәсіл негізінде жұмыс жасау түлектерді жұмыспен қамту ісінде де білім ордамызға үлкен жеңілдіктер туғузуда.

Оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы –  жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі. Осы орайда техникалық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастар арасында жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешудің механизмі болып отыр. Себебі біз жәрмеңке өткізбестен бірнеше жұма бұрын студенттермен де әрі жұмыс берушілермен байланысқа шығып, ЖОО-ның ресми сайты бетінде бір-бірімен алдын ала танысуға мүмкіндік береміз. Яғни, биылғы түлек, сонымен қоса жұмысқа орналаса алмаған  былтырғы түлектердің түйіндемелерін сайттағы арнайы айдарға ақтарып, жұмыс берушілерге сілтеме жібереміз. Бұл, әрине, студенттер үшін бірден жақсы жұмыс табудың бірден-бір мүмкіндігі болды» — дейді ҚарМТУ-дың Жұмыс мамандықтарының орталығының басшысы Наталья Сошкина.

Жәрмеңкенің ашылу салтанаты университеттің бас корпусының кең залында өтті. Онда Қарағанды аймағының белді кәсіпорындары мен жас түлектерге өз кәсіпорнын таныту мақсатында келген жаңа кәсіпорын өкілдері сөз сөйледі.

Ресми бөлімнен кейін студенттер 1-ші корпуста арнайы құрылған бос жұмыс орындары көрмесіне қатысып, компания өкілдерімен тікелей сөйлесіп, өз түйіндемелерін ұсынды.

Олардың кейбіреуін таяу болашақта әңгімелесуге шақырады. Бәлкім, тіпті, жұмыс ұсынулары да мүмкін. Осылайша екіжақты тиімді сұқбат өтіп, үміткерлерге іскерлік қырларын танытуға, ал жұмыс берушілердің өздеріне жас мамандарды тартуына мүмкіндік туды.

Жұмыс берушілердің пікіріне қарағанда техникалық мамандықтар ішінде, әсіресе, ІТ саласының мамандары, энергетика, машина жасау, құрылыс, телекоммуникация, көлік және өнеркәсіп процестерін автоматтандыру мамандықтарына сұраныс көп.

 

 

 

 

 

 

 

Без рубрики