Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Қытайдың өнеркәсіптік автоматтандыру және интеллектуалды басқару жүйелері саласындағы жетекші жоғары технологиялық компанияларының бірі — Hollysys (Asia Pacific) Pte. Ltd. өкілдерімен маңызды кездесу өтті.
Бүгінде Hollysys энергетика, теміржол көлігі, мұнай-газ және ірі өнеркәсіп кәсіпорындарына арналған озық автоматтандыру жүйелерін әзірлеп, әлемнің көптеген елдерінде ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Мұндай халықаралық технологиялық компаниямен әріптестік орнату университеттің инженерлік білім беру мен қолданбалы ғылымды дамытудағы жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Кездесу барысында Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Джаванширович Мехтиев қонақтарға университеттің білім беру бағдарламаларын, ғылыми әлеуетін, заманауи зертханалық инфрақұрылымын және өндіріс орындарымен байланысын таныстырды.
Бүгінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті білім беру, ғылым және өндірісті ұштастыратын заманауи зерттеу орталығына айналып келеді. Университетте өндірістің нақты сұраныстарына бағытталған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүзеге асырылып, инновациялық технологиялық шешімдер әзірленуде.
Сонымен қатар, университеттің Энергетика, автоматика және телекоммуникациялар факультетінде ірі өнеркәсіп салаларының сұранысына сай жаңа буын инженерлері даярланады. Кездесуге аталған факультеттің деканы Феликс Назымұлы Булатбаев та қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Hollysys (Asia Pacific) Pte. Ltd. компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа университет атынан Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Джаванширович Мехтиев, компания атынан Қазақстандағы өкілдік басшысы Ли Вэй қол қойды.
Жаңа серіктестік студенттердің заманауи өндірістік технологияларды меңгеруіне, халықаралық тәжірибе алмасуына, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға және өндіріс талаптарына сай білікті инженерлер даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.




