Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Building and Transport Engineering (BTE) атты жаңа халықаралық ғылыми журналдың алғашқы саны жарық көрді. Бұл – университеттің ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға және отандық ғалымдардың еңбектерін халықаралық ғылыми қауымдастыққа танытуға бағытталған маңызды бастама.
Журнал құрылыс, көлік және инженерия салаларындағы өзекті ғылыми зерттеулерге арналған. Басылым жылына екі рет ағылшын тілінде жарық көреді. Әрбір ғылыми мақалаға DOI халықаралық цифрлық идентификаторы беріледі.
BTE журналының басты ерекшелігі – Diamond Open Access үлгісі бойынша жұмыс істеуі. Яғни авторлар мақалаларын тегін жариялай алады, ал оқырмандар ғылыми еңбектермен ешқандай шектеусіз таныса алады. Алдағы уақытта журналды Scopus халықаралық дерекқорына енгізу жоспарланып отыр.
Басылымның негізгі ғылыми бағыттары: — Құрылыс және заманауи құрылыс технологиялары; — Көлік жүйелері, логистика және көлік қауіпсіздігі; — Инженерлік технологиялар, материалтану және инновациялық шешімдер.
Журналдың екінші санына мақалалар қабылдау басталды! Ғалымдарды, профессор-оқытушыларды, докторанттар мен магистранттарды ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін жариялауға шақырамыз.