ҒЫЛЫМҒА СІҢГЕН ҒҰМЫР: АКАДЕМИК АРСТАН ҒАЗАЛИЕВТІҢ 75 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ


2026 жылғы 6 қарашада Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, химия ғылымдарының докторы, профессор Арстан Мәуленұлы Ғазалиевтің 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.

«Ғалым, ұстаз, жасампаз жолы» тақырыбымен ұйымдастырылған Ғылыми кеңестің салтанатты отырысына мемлекеттік органдардың өкілдері, еліміздің жоғары оқу орындарының басшылары, белгілі ғалымдар, ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері, университет ұжымы, академиктің әріптестері, шәкірттері мен отбасы мүшелері қатысты.

Мерейтойлық жиын ғалымның өмірі мен ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған бейнероликпен ашылды. Онда Арстан Ғазалиевтің ғылыми ізденістері, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі, сондай-ақ университетті басқарған жылдардағы маңызды бастамалары мен жетістіктері көрініс тапты.

Салтанатты отырысты университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Сауле Саветовна Сагинтаева жүргізді. Ол өз сөзінде Арстан Мәуленұлының отандық ғылым мен жоғары техникалық білім беруді дамытуға, университеттің ғылыми әлеуетін нығайтуға және білікті инженер мамандар даярлауға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Ректордың айтуынша, академиктің басшылығы кезеңінде қолға алынған бастамалар бүгінде университеттің даму бағыттарында өз жалғасын тауып келеді. Сол жылдары қалыптасқан ғылыми ұжымдар, өндірістік кәсіпорындармен әріптестік байланыстар мен халықаралық ынтымақтастық тәжірибесі оқу орнының қазіргі жетістіктеріне негіз болды.

Арстан Ғазалиев 2008 жылғы ақпаннан 2016 жылғы желтоқсанға дейін Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры қызметін атқарды. Осы кезеңде оқу орнының ғылыми-білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға, зерттеу жұмыстарын дамытуға және білім беру үдерісін өндірістің нақты қажеттіліктерімен ұштастыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, Әбілқас Сағынов негізін қалаған өндіріс орындарымен ынтымақтастық дәстүрі Арстан Ғазалиевтің басшылығымен құрылған «Корпоративтік университет» консорциумы аясында жаңа деңгейге көтерілді. Орталық және Солтүстік Қазақстанның 80-нен астам кәсіпорнын біріктірген бұл модель жоғары білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.

2014 жылға қарай кәсіпорындарда кафедралардың 57 филиалы жұмыс істеп, дуалды білім беру аясында жұмысшы мамандықтарына даярлайтын бес орталық құрылды. Бұл бастамалар студенттердің практикалық даярлығын жетілдіруге, өндіріс сұранысына сай инженерлік кадрлар даярлауға және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге жол ашты.

Бүгінде бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасуда. Ректордың мәліметінше, Корпоративтік университет құрамына 86 серіктес кәсіпорын кіреді. Оның 12-сі 2025 жылы қосылған. Өнеркәсіп орындарымен қалыптасқан ынтымақтастық тәжірибеге бағытталған білім беруді жетілдіруге, қолданбалы ғылымды дамытуға және өңір экономикасына қажетті технологиялық шешімдер әзірлеуге ықпал етуде.

Университеттің қазіргі ғылыми көрсеткіштері де осы сабақтастықтың айқын көрінісі. 2025 жылы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландыру көлемі 3 миллиард теңгеден асты. Оның шамамен 40 пайызы, яғни 1,2 миллиард теңгеге жуығы кәсіпорындармен жасалған шаруашылық келісімшарттар есебінен қамтамасыз етілді.

Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен университет базасында құрылған QarTech индустриялық-инновациялық хабы ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Мұнда өндірістік мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешу, жаңа технологиялардың прототиптерін әзірлеу және оларды тәжірибелік сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Арстан Мәуленұлының басшылығы кезеңінде университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Ғылыми-зерттеу институттарын, зертханалар мен орталықтарды біріктірген инновациялық ғылыми-техникалық кешен қалыптастырылды.

2013 жылы «Минералдық шикізат ресурстарын кешенді игеру» инженерлік бейіндегі сынақ зертханасының жобасы Халықаралық қайта құру және даму банкінің 2 миллион АҚШ доллары көлеміндегі грантын иеленді. Бұл қаражат Халықаралық материалтану орталығын құруға бағытталды.

Ал 2010 жылы халықаралық серіктестердің қатысуымен Қазақстандық дәнекерлеу институты құрылды. Бұл бастама өнеркәсіп саласына қажетті мамандар даярлауға және заманауи технологияларды игеруге жаңа мүмкіндіктер ашты.

Академиктің басшылығы кезінде халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығы да кеңейді. Университет TEMPUS, Erasmus Mundus, «Синергия» бағдарламаларына және Шанхай ынтымақтастық ұйымы Университетінің жобаларына қатысып, шетелдік жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтармен байланысын нығайтты.

Ректор өз баяндамасында халықаралық ынтымақтастықтың қазіргі нәтижелеріне де тоқталды. Атап айтқанда, Қытайдың Шихэцзы университетімен машина жасау және электр энергетикасы бағыттары бойынша қос дипломды білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып, алғашқы түлектер даярланды.

Сонымен қатар университетте цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жасанды интеллект негіздері бойынша курстардан 6,5 мыңға жуық студент өткен. Ғалымдар мен студенттер тау-кен саласында цифрлық модельдеу технологияларын қолданып, өндірістік үдерістердің цифрлық егіздерін әзірлеу бағытында зерттеулер жүргізуде.

Университеттің халықаралық рейтингтердегі жетістіктері де атап өтілді. QS Asia 2027 рейтингінде оқу орны он сатыға жоғарылап, Азиядағы үздік 300 университеттің қатарына енді. Ал QS әлемдік рейтингінде 1001–1200 орындар аралығынан көрінді.

Арстан Ғазалиевтің ғылыми қызметі органикалық синтез, табиғи қосылыстар химиясы, фармакология және кванттық химия салаларымен тығыз байланысты. Ғалым биологиялық белсенділігі жоғары жаңа қосылыстарды алу және олардың қасиеттерін зерттеу бағытында маңызды ғылыми нәтижелерге қол жеткізді.

Академиктің ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерінің саны 950-ден асады. Оның ғылыми жетекшілігімен 13 ғылым докторы мен 46 ғылым кандидаты даярланған. Бұл көрсеткіштер ғалымның зерттеушілік қызметімен қатар, жас ғалымдарды тәрбиелеуге және өзіндік ғылыми мектеп қалыптастыруға қосқан үлесін айқындайды.

2003 жылы Арстан Ғазалиевтің ғылыми жетістіктері Қазақстан Республикасының білім, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығымен бағаланды.

Мерейтойлық жиында мемлекеттік органдар мен ғылыми-білім беру ұйымдарының атынан құттықтаулар айтылып, академикке арнайы хаттар табысталды. Құттықтау сөз сөйлегендер ғалымның отандық ғылым мен жоғары білім беру жүйесін дамытуға қосқан еңбегіне жоғары баға берді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы Бөлекпаевтың құттықтау хатын облыс әкімінің орынбасары Руслан Айтыкенұлы Кенжебеков оқып, мерейтой иесіне табыстады.

Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың құттықтауын Кеңес мүшесі, «Әділет» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Қомарұлы Алтынбеков жеткізді.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Тельманұлы Қойшыбаевтың құттықтау хатын Үкімет Аппараты Әлеуметтік даму бөлімінің меңгерушісі орынбасары Асқар Тұрарұлы Шериязданов оқыды.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан жеткізді.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Сыртқы істер министрі, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Төлеутай Сқақұлы Сүлейменов те мерейтой иесіне ізгі тілегін білдіріп, оның ғылым мен білім саласындағы көпжылдық еңбегіне құрмет көрсетті.

Еліміздің жоғары оқу орындары атынан да құттықтаулар айтылды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың құттықтауын университеттің Басқарма мүшесі – ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Пажарбекұлы Сапарходжаев жеткізді.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті Басқарма төрағасы – ректорының міндетін атқарушы Еркеблан Мұратұлы Тәжбаев та мерейтой иесіне әріптестерінің ізгі тілегін білдірді.

Ғылыми қауымдастық атынан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері Зейнолла Молдахметов пен Серғазы Әдекеновтің, сондай-ақ Арстан Ғазалиевтің шәкірттерінің құттықтауларын ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор, «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығының стероидты қосылыстар химиясы зертханасының меңгерушісі Бораш Иглікұлы Төлеуов жеткізді.

Сонымен қатар мерейтой иесінің атына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтан, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанұлы Алшановтан, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ректоры Мұхтар Әділбекұлы Төлегеннен, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлынан және басқа да ғылыми-білім беру ұйымдарының басшыларынан құттықтау хаттары келіп түсті.

Шетелдік әріптестері де академикке құрмет білдірді. Мәскеудегі Компьютерлік ғылымдар академиясының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор Михаил Петрович Карпенко мен академияның вице-президенті Ольга Михайловна Карпенко бейнеқұттықтау жолдап, мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізді.

Салтанатты отырыс барысында «ҚР ҰҒА академигі А.М. Ғазалиевтің өмір жолы» атты кітаптың төртінші, қайта өңделген және толықтырылған басылымы таныстырылды. Мерейтойға арнайы әзірленген жинаққа ғалымның ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметіне қатысты материалдар, құжаттар мен фотосуреттер енгізілген.

Мерейтойлық бағдарламаға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композитор, халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Көкеев те қатысты.

Ғазалиевтер отбасы атынан академиктің ұлы, Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Арстанұлы Ғазалиев сөз сөйлеп, іс-шараны ұйымдастырушылар мен жиналған қауымға алғысын білдірді.

Мерейтойлық бағдарлама түстен кейін «Ғылым, білім және инновациялық технологиялар: дәстүрлері мен даму перспективалары» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференциямен жалғасты.

Конференцияның негізгі бағыттары органикалық синтездің заманауи технологияларын, химиялық технология мен инновациялық материалдарды, химия өнеркәсібі мен биотехнологияның даму перспективаларын, сондай-ақ экологиялық қауіпсіз өндіріс мәселелерін қамтыды.

Алғашқы баяндаманы университет аппаратының басшысы, профессор Аристотель Зейнуллинович Исагулов жасап, «О совместной работе с ректором КарГТУ, академиком Национальной академии наук Республики Казахстан Арстаном Мауленовичем Газалиевым» тақырыбында сөз сөйледі. Баяндамада академикпен бірлескен жұмыс тәжірибесі, оның университет басшысы ретіндегі қызметі және оқу орнының дамуына қосқан үлесі сөз болды.

Конференция аясында өсімдік тұқымдарын криоконсервациялау, көмірден гумин қышқылдарын бөліп алу, антибактериялық композициялық материалдар әзірлеу, сирек элементтерді шоғырландыру және электрохимиялық биосенсорлар жасау мәселелері талқыланды.

Ғылыми бағдарламаға академиктер Бораш Төлеуов пен Мақсат Мельсовтің, сондай-ақ Алма Жакина, Дмитрий Хрусталев, Мұрзабек Байкенов, Айгүл Жортарова, Ольга Демец, Арайлым Тұқтыбаева және Tomasz Rębiś сынды зерттеушілердің баяндамалары енгізілді.

Халықаралық ғылыми конференция тәжірибе алмасуға, химия және материалтану салаларындағы заманауи зерттеулерді талқылауға, ғылым мен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.

Академик Арстан Ғазалиевтің 75 жылдық мерейтойына арналған іс-шара университет тарихындағы маңызды оқиғалардың біріне айналды. Мерейтойлық басқосу ғалымның отандық ғылым мен жоғары техникалық білім беруді дамытуға қосқан үлесін ұлықтап қана қоймай, оның ғылыми мектебінің сабақтастығын және өзі бастаған бастамалардың бүгінгі күні де жалғасын тауып отырғанын көрсетті.

Арстан Мәуленұлының көпжылдық ғылыми-педагогикалық қызметі, бірнеше буын зерттеушілер мен инженер мамандарды даярлаудағы еңбегі, университеттің ғылыми және өндірістік әлеуетін нығайтуға қосқан үлесі оқу орнының тарихында ерекше орын алады.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Ғылыми кеңесі мен ұжымы академик Арстан Мәуленұлы Ғазалиевті 75 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық, шығармашылық қуат және ғылым жолындағы жаңа жетістіктер тілейді!

Без рубрики