Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-да Ұлы ұстаздың туғанына 185 жыл толуына арналған «Ыбырай Алтынсарин – ұлы ағартушы-педагог, этнограф, тарихи тұлға» атты республикалық ғылыми-теориялық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараны ұйымдастыру комитетінің мүшесі, модератор, тарих ғылымдарының кандидаты, «Қазақстан тарихы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сәуле Қасымова жүргізді.
Дөңгелек үстелді университеттің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бекболат Нусупбеков ашып, ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметінің маңыздылығына тоқталып, республикалық дөңгелек үстелдің мәні мен мақсатын атап өтті. Одан кейін Басқарма мүшесі – ғылым және инновация жөніндегі проректор Али Мехтиев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға Алғыс хаттар табыс етіп, шараның сәтті өтуіне тілек білдірді.
Алғашқы сөзді Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының Орта білім мазмұны институты Қазақ филологиясы зертханасының ғылыми қызметкері Біржан Ахмер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Рымшаш Төлеубекова, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессорлары, тарих ғылымдарының докторы Зәуреш Сақтағанова мен тарих ғылымдарының кандидаты Ляззат Шотбақова және басқа да ғалымдар алды. Олар ұлы педагогтың өмір жолы, қазақ халқын біліммен сусындатудағы еңбегі, басынан өткерген қиындықтары, сондай-ақ білім беру ісін дамытудағы қызметі мен ашқан мектептері туралы кеңінен баяндады.
Дөңгелек үстелге онлайн форматта қосылған Қостанай облысы ұстаздарының Ыбырай Алтынсарин мұражайы өкілдерінің және оның ашқан мектептері туралы айтқан әңгімелері, Ыбырай мектебі мен мұражайына виртуалды саяхат ерекше әсерлі болды. Шара барысында қатысушыларға тың әрі құнды деректер ұсынылды.
Сондай-ақ Қарағанды қаласы білім бөлімінің Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінің бірінші сынып оқушыларының Ыбырай аталарының өлеңдерін оқуы шараның жарқын сәттерінің бірі болды. Университет студенттері де шараға өз үлестерін қосты.
Шара соңында белсенді қатысушыларға Алғыс хаттар табыс етілді.



































