«XXI ғасыр жастарының көзқарасындағы Ұлы Отан соғысы» тақырыбындағы ХХI Республикалық студенттердің ғылыми-практикалық конференциясы


2017 жылдың 4 мамыры күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай «XXI ғасыр жастарының көзқарасындағы Ұлы Отан соғысы» тақырыбында ХХI Республикалық студенттік ғылыми-практикалық конференция өтті.

Соғыс жылдарындағы қарағандылық жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің фашистік Германияны талқандаудағы ерліктерін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен ауқымды шараға есімі елге соғыс және тыл ардагерлері,  олардың ішінде университетте ұзақ жылдар қызмет еткен ҰОС ардагерлер С.Г. Пономарева, В.А. Шелудяков, К.Машарапов, тыл еңбеккері  Л.Н. Билык, «ҚР ардагерлер ұйымының» Қарағанды облысы филиалының төрағасының орынбасары  Ф.П. Ермаков,  Қарағанды облысы мұрағатының директоры Ж.Ж.Тұрсынова білім ордамыздың ұжымы және Е.А. Букетов атындағы ҚарМУ, ҚММУ, ҚарМТУ студенттері, магистранттар қатысты.

Конференцияның пленарлық бөлімін ҚарМТУ ректоры проф. Марат Ибатов жүргізді.  Ол:

«Ер есімі  ел есінде мәңгі сақталады. Қазақстаннан сұрапыл соғыс жылдарында майданға 2 млн. жуық адам аттанған екен. Олардың ішінде 520 қазақстандық сарбаз, 100 қазақ азаматы Кеңес Одағының батыры құрметті атағына ие болған. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес.

Тәуелсіз Қазақстан елі өз боздақтарын қастерлеп, ұлықтайды. Бүгінгі күнде де сол кездегі қазақстандықтардың Отанға деген сүйіспеншілігі, қайтпас қайсар ерліктері, сын сағаттағы отаншылдық қасиеттері артта қалған ұрпақтарға өнеге боп қала бермек. «Мәңгі Ел» жастары– бүгінгі студенттер Отан үшін от кешкен ерлеріміздің есімін әрқашанда жүрек түпкірінде ұстап, олардың рухына құрмет көрсетеді», — деді.

Ерлердің есімін ұлықтап, олардың батырлығын жас ұрпаққа өнеге ету мақсатында ұйымдастырылып отырған шарада майданнан оралмаған жауынгерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Одан кейін соғыс туралы деректі фильм көрсетіліп, ардагерлерге сөз берілді. ҰОС ардагері С.Г. Пономарева өзінің он сегіз жасынан бастап, қан майданның алғашқы күнінен соңына дейін Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуковтың штабында қызмет еткені, Берлинді алу кезіндегі соғыс операциялары жайлы баяндады. Ал бала кезінде Украинадағы басқыншылықтың ауыр күндерін басынан өткерген тыл еңбеккері  Л.Н.Билык соғыс және соғыстан кейінгі жылдардың қиындықтары туралы әңгімеледі.

Жиын соңында конференция шешімі шығарылды.

Салтанатты басқосудың ресми бөлімінен кейін ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің «Биг Бэнд» джаз ансамблі өнер көрсетіп, келген қонақтар шара ұйымдастырушылары мен қатысушыларына алғыстарын білдіріп, бейбіт өмір мен жарқын болашақ тіледі.

 

Без рубрики