В SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY-ДЕ ТАУ-КЕН ӨНДІРУ ЖӘНЕ ГЕОФИЗИКАЛЫҚ САЛАЛАР ҮШІН КАДРЛАР ДАЯРЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ


2026 жылғы 12 қарашада Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің жобаларды басқару тобының кеңейтілген отырысы өтті.

Жиын «Тау-кен және геофизикалық салалар үшін кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруде тәжірибеге бағытталған оқытуды, цифрлық технологияларды және халықаралық білім беру ынтымақтастығын интеграциялау» тақырыбына арналды.

Отырысты университеттің Басқарма мүшесі — академиялық мәселелер жөніндегі проректор, ОӘБ-ЖБТ төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Бекболат Рахышұлы Нүсіпбеков ашып, білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Ержан Әмірбекұлы және Францияның Қазақстандағы Елшілігінің өкілдері – ынтымақтастық және мәдени іс-шаралар жөніндегі кеңесші Себастьен де Куртуа, экономикалық бөлім басшысы Людовик Леа, экономикалық қызметтің салалық атташесі Нұрланұлы Жангирхан құттықтау сөз сөйледі. Жиынға Д. Қонаев атындағы Тау-кен ісі институтының директоры Ержан Тұрсынұлы Өтешов те қатысты.

Пікірталас сессиясында тау-кен және металлургия саласындағы кадр тапшылығы, өндірістің цифрландырылуы және білім беру бағдарламаларын жаңғырту мәселелері кеңінен қарастырылды.

Атап айтқанда, «Dragmet» республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Қанат Құрмашұлы Баитов сала кәсіпорындарының кадрларға деген сұранысы мен жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық перспективаларын баяндады. Университеттің Пайдалы қазбалар кен орындарын игеру кафедрасының меңгерушісі, PhD, профессор Асқар Жанболатович Имашев магистратура бағдарламаларын жаңғырту мәселесіне тоқталды.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өндірістік бақылау қызметінің басшысы Дархан Әмірұлы Жәңгіров өндірістік бақылаудың цифрлық технологиялар негізінде даму тәжірибесімен бөлісті. EPC Groupe (Франция) компаниясының оқыту жөніндегі жетекші маманы Хавьер Муньос Гарсия тау-кен өнеркәсібі мен білім беру саласындағы халықаралық тәжірибені таныстырды.

Сонымен қатар «Komek Machinery Kazakhstan» ЖШС ұйымдастырушылық даму жөніндегі директоры Ардақ Сеитказыевич Удербаев, «Micromine Central Asia» ЖШС тау-кен инженері-кеңесшісі Жеңіс Серікұлы Шлатаев және «Smart Blast Technologies» ЖШС атқарушы директоры Айгерім Маратқызы Сүлейманова өз компанияларының тәжірибесі мен кадрлардың кәсіби құзыреттерін дамыту бағытындағы жұмыстарын ортаға салды.

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің «Цифрлық және зияткерлік жүйелер» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Артем Александрович Быков инженерлік білім берудегі цифрлық егіздер мен геофизикалық деректерді талдаудың мүмкіндіктерін сөз етті.

Отырыстың келесі бөлімінде білім беру бағдарламаларының сапасын бағалау, студенттерді қабылдау мен оқу аяқтау көрсеткіштеріне мониторинг жүргізу мәселелері қаралды. Бұл бағытта жобаларды басқару тобы төрағасының орынбасары Валерий Викторович Бирюков баяндама жасады.

Жиын қорытындысында 2026-2027 оқу жылына арналған ОӘБ-ЖБТ жұмыс жоспарын бекіту, оның құрамын қалыптастыру және оқулықтарға гриф беру мәселелері талқыланды.

Кеңейтілген отырыс аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, «Komek Machinery Kazakhstan» ЖШС және Д. А. Қонаев атындағы Тау-кен ісі институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Кездесу тау-кен өнеркәсібінің сұранысына сай мамандар даярлау, білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу және университеттер мен өндіріс орындары арасындағы әріптестікті нығайту бағытындағы маңызды алаңға айналды.

Без рубрики