Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті НААР-2026 ұлттық рейтингінде көшбасшылық позициясын нығайтты: университеттің 16 білім беру бағдарламасы Қазақстан бойынша үздік деп танылды.
Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің (НААР) 2026 жылғы білім беру бағдарламаларының ұлттық рейтингі қорытындысы бойынша университет бакалавриаттан докторантураға дейінгі кадрлар даярлаудың барлық деңгейінде жоғары нәтижелер көрсетіп, еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады.
Университетіміздің маңызды жетістіктерінің бірі – 2026 жылғы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының «ТОП-20» Бас рейтингінде еліміздің ең мықты 20 университеті арасында 6-орынға ие болуы.
Рейтингке университеттің 50 білім беру бағдарламасы енді. Бұл білім сапасының, ғылыми әлеуеттің және түлектердің еңбек нарығындағы сұранысының кеңінен мойындалғанын айғақтайды.
Ұлттық рейтингте бірінші орын алған білім беру бағдарламаларының нәтижелері ерекше назар аударуға тұрарлық. Рейтингке қатысқан білім беру бағдарламаларының 16-сы, яғни 32%, өз бағыттары бойынша көш бастады. Сонымен қатар рейтингке қатысқан 50 білім беру бағдарламасының 31-і Қазақстан бойынша үздік үштікке енді. Бұл барлық бағдарламалардың 62% құрайды.
Жалпы рейтинг қорытындысы бойынша университеттің 50 білім беру бағдарламасының 46-сы, яғни 92%, Қазақстандағы үздік бес білім беру бағдарламасының қатарынан көрінді. Бұл мамандар даярлау сапасының жоғары деңгейін, білім беру технологияларының тиімділігін және университеттің жұмыс берушілермен өзара іс-қимылының нәтижелілігін дәлелдейді.
Рейтинг нәтижелері университеттің көшбасшылық ұстанымдарын сақтап қана қоймай, жаңа білім беру бағыттарының да серпінді дамып келе жатқанын көрсетеді. Биыл рейтингке алғаш рет 5 білім беру бағдарламасы енгізілді, оның 3 – инновациялық бағыттағы бағдарламалар. Бұдан бөлек, 10 білім беру бағдарламасы рейтингтегі позициясын жақсартты, олардың үшеуі өз бағыттары бойынша көшбасшы атанды. Бұл білім беру бағдарламалары портфелінің экономиканың сұраныстары мен технологиялық үрдістерге сай уақытылы жаңартылып отырғанын көрсетеді.
Қол жеткізілген нәтижелер – университеттің профессор-оқытушылар құрамы, зерттеушілері, білім алушылары және индустриялық серіктестерінің жүйелі еңбегінің жемісі. Университет білім беру бағдарламаларын одан әрі жетілдіруді, оқытудың заманауи технологияларын енгізуді, практикалық бағыттағы даярлықты күшейтуді және Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған стратегиялық бастамаларды жүзеге асыруды жалғастырады.



