ТЕОРИЯДАН ТӘЖІРИБЕГЕ: СТУДЕНТТЕР «ШАХТИНСКАЯ» ШАХТАСЫНДА БОЛДЫ


2026 жылғы 28 қазанда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Пайдалы қазбалар кен орындарын өндіру» кафедрасының ұйымдастыруымен ГД-24-2 тобының студенттері «Karaganda Komir» ЖШС-нің «Шахтинская» шахтасына барып, көмір өндіру үдерісімен және жерасты тау-кен жұмыстарының ерекшеліктерімен танысты.

Оқу-танымдық экскурсияға кафедра докторанттары Хамзе Асқар Мұратұлы мен Әбен Арыстан Амангелдіұлы, магистрант Бауыржан Жадыра және ГД-24-2 тобының студенттері қатысты.

Экскурсия барысында студенттер шахтаға 621 метр тереңдікке түсіп, жерасты өндірісінің тыныс-тіршілігін өз көздерімен көрді. Олар желдету штрегі арқылы тазарту кенжарына (лаваға) дейін барып, ұзындығы 8 метр болатын оқпан албарымен де танысты. Бұл сапар болашақ мамандарға көмір өндіру технологиясын теория жүзінде ғана емес, нақты өндірістік жағдайда зерделеуге мүмкіндік берді.

Шахта мамандары студенттерге тау-кен қазбаларының жоспарларын таныстырып, көмір өндірудің технологиялық ерекшеліктері, жерасты қазбаларын желдету жүйесі және еңбек қауіпсіздігі талаптары жөнінде түсіндірді. Өндіріс орнындағы тәжірибемен танысу арқылы студенттер тау-кен инженерінің күнделікті жұмысы мен кәсіби жауапкершілігін тереңірек түсінді.

Осындай тәжірибелік кездесулер болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, университетте алған білімдерін өндірістік тәжірибемен ұштастыруға жол ашады. Сонымен қатар саланың нақты талаптарын түсінуге және мамандыққа деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.

Экскурсияны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен «Karaganda Komir» ЖШС басшылығына және «Шахтинская» шахтасының ұжымына алғыс білдіреміз!

Болашақ тау-кен мамандары үшін өндіріс орнында жинақталған тәжірибе – кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңі.

Без рубрики