Saginov Technical University-де 2026 жылғы түлектерге диплом табыстау рәсімі жалғасуда. Бұған дейін Тау-кен факультетінің бірқатар бағыттары бойынша жас мамандар диплом алған болса, бүгін факультеттің қалған кафедраларының түлектері жоғары білім туралы дипломдарына ие болды.
Бұл жолы салтанатты шарада «Пайдалы қазбалар кен орындарын өндіру» және «Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедраларында білім алған түлектерге диплом табысталды. Атап айтқанда, 6В07201 «Тау-кен ісі», 6В07203 «Мұнай-газ ісі», 6В07206 «Маркшейдерлік іс» және 6В07302 «Геодезия және картография» білім беру бағдарламаларын аяқтаған жас мамандар кәсіби жолға қадам басты. Олар алдағы уақытта кен орындарын игеру, ашық және жерасты тау-кен жұмыстарын ұйымдастыру, мұнай-газ кен орындарын барлау мен игеру, ұңғымаларды бұрғылау, тау-кен кәсіпорындарындағы маркшейдерлік өлшеулер жүргізу, жер бедерін зерттеу, картографиялық материалдар әзірлеу және кеңістіктік деректермен жұмыс істеу бағыттарында еңбек етеді.
Салтанатты рәсімде Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Қанапьянов түлектерді құттықтап, оларға кәсіби жолында табыс, батыл бастама және биік жетістіктер тіледі. Ол 7М07201 «Тау-кен ісі» магистратура бағдарламасын аяқтаған түлектерге дипломдарын табыстады.
Оқу үлгерімімен қатар, университеттің қоғамдық, ғылыми, мәдени-көпшілік және тәрбие жұмыстарына белсенді араласқан бірқатар түлектер алғыс хаттармен марапатталды.
Бакалавриат түлектеріне дипломдарды Тау-кен факультетінің деканы Нұрбек Жолмағамбетов табыстады.
Құрметті түлектер! Дипломдарыңыз құтты болсын! Еліміздің тау-кен өндірісі, мұнай-газ саласы, геодезия және инженерлік инфрақұрылымының дамуына біліміңізбен, еңбегіңізбен лайықты үлес қоса беріңіздер!



















