Тарихы


Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасы


  • 1989 жылы «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданғаннан кейін орыс және шетел тілдері кафедрасы негізінде орыс топтарына қазақ тілін оқытуға арналған факультативтік курс ашылды. Сол кезеңде институттағы барлық студенттерге қазақ тілінен сабақ берген үш оқытушы болды: Қоянбаева Құралай Қабдияновна Жетпісбай Шолпан Аханқызы және Хасен Мұрат Абдрахманұлы.
  • Ал 1990 жылдың қараша айында «Қазақ тілі» кафедрасы ресми түрде құрылып, оның алғашқы меңгерушісі филология ғылымдарының кандидаты, доцент, жазушы және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әмен Махатұлы Әзиев (1927–1993) болды. Әмен Әзиевтің әдеби мұрасындағы басты бағыт – Орталық Қазақстанның көмір және түсті металлургия салаларына арналған туындылар.
  • 1993 жылдан 1996 жылға дейін кафедра меңгерушісі қызметін Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің түлегі, аға оқытушы Хасен Мұрат Абдрахманұлы атқарды.
  • 1996–1997 жылдары кафедраны Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жұмағали Задан Тасқалиұлы (1936-2023) басқарды.
  • 1997 жылдың қыркүйек айында кафедра меңгерушісі қызметіне аға оқытушы Нургужина Гулара Мауленқызы тағайындалды. Оның жетекшілігімен қазақ тілі кафедрасы «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасы болып қайта құрылды.
  • 2004–2005 жылдар аралығында кафедраны аға оқытушы Шабденова Құралай Жанжолқызы (1971-2025) басқарды.
  • 2005-2008 жылдары кафедра меңгерушісі қызметін ф.ғ.к., доцент Хамзина Қарлығаш Мәуенқызы атқарды.
  • 2008 жылдан бастап кафедра меңгерушісі қызметін ф.ғ.к., доцент Қалыбекова Қаламқас Сағындыққызы атқарып келеді.
  • 2001 жылы Қазақстан Республикасының 10 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасы жанынан этнографиялық мұражай ашылды. Бұл мұражайда елімізде өмір сүретін түрлі этностардың мәдени байлықтары мен мұралары көрініс тапқан. Ол ҚарМТУ-дың көпұлтты студенттік қауымдастығын біріктіретін маңызды мәдени орталыққа айналды. Мұражайдың басты ұраны – «Тілді мәдениет арқылы таны».
  • 2006 жылы кафедра ұжымы «Университеттің үздік кафедрасы» номинациясын жеңіп алды.
  • 2007 жылы кафедра ұжымы тағы да «Университеттің үздік кафедрасы» номинациясының жеңімпазы атанды.
  • 2009 жылдан бастап мектеп оқушыларына арналған олимпиада дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
  • 2014 жылы кафедра меңгерушісі Қалыбекова Қаламқас Сағындыққызы «ҚР Жоғары оқу орнының 2014 жылдың үздік оқытушысы» атағының иегері болды.
  • 2018 жылы кафедра доценті Аубакиров Нұрлыбек Маманұлы «ҚР Жоғары оқу орнының 2018 жылдың үздік оқытушысы» атағының иегері атанды.
  • 2022 жылдың қорытындысы бойынша кафедра ұжымы  кезекті «Университеттің үздік кафедрасы» байқауында бірінші орынды жеңіп алды.

Оқу-әдістемелік жұмыстар

Кафедра ұжымы мемлекеттік тілді оқыту сапасын арттыруға бар күш-жігерін салып белсенді еңбек етуде, оқытушылар құрамы жыл сайын түрлі семинарлар мен тренингтерге қатысады. Басты мақсат – тілдерді оқытудағы заманауи білім беру технологияларымен танысу.

Кафедра оқытушылары әр жылдарда барлық білім беру бағдарламаларына арналған мемлекеттік тілдегі техникалық мәтіндер мен терминологиялық сөздіктер жинағын, «Қазақ тілі», «Қазақ тілі» (кәсіби) оқу құралдарын, әдістемелік нұсқаулықтарды  әзірледі.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары

Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары. Кафедра оқытушыларының жетекшілігімен студенттер Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және экономикалық ғылымдары арасында өткізілетін студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша республикалық конкурсына қатысып отырады.

Сонымен қатар, студенттер кафедра оқытушыларының жетекшілігімен халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысады.

Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамының ғылыми еңбектері. Кафедраның оқытушылар құрамы ғылыми және әдістемелік зерттеулер жүргізеді. Зерттеу нәтижелері Республикалық ғылыми басылымдарда (ҒЖБССҚК ұсынған), халықаралық ғылыми журналдарда (Web of Science, Scopus) және халықаралық конференция материалдары жинақтарында жарияланады, ғылыми-әдістемелік зерттеулері оқу процесіне енгізіледі.

Соңғы жылдары кафедра ұжымы гранттық қаржыландыру бойынша конкурстарға қатысып келеді.

2021-2023 жылдар аралығында гранттық қаржыландыру бойынша АР09261117 «Латын графикасында «Qazaq tili» В1, В2 деңгейлеріне арналған web оқулықтарын инновациялық технологиялар арқылы әзірлеу. (Жоғары оқу орнындағы білім беруге арналған)» жобасы орындалды. Жобаның ғылыми жетекшісі – Ныгметова Н.Т. Ғылыми зерттеудің негізгі нәтижелері:

«Қазақ тілі» пәні бойынша В1, В2 деңгейлеріне арналған https://q-uirenu.kz сайты жасалды; 2. «Qazaq tili» веб-оқулығы әзірленді және қолданысқа енді; 3. Веб-оқулық платформасы үшін нәтижелері бар тест модулі жасалды; 4.Қазақ тілін оқытуға арналған Web платформа әзірленді.

Тәрбие жұмысы

Кафедра университеттің тәрбие жұмыстарына белсенді түрде атсалыса отырып, жоғары білімді әрі мәдениетті мамандарды даярлауға өз үлесін қосуда.

Жыл сайын кафедра 20-ға жуық мәдени іс-шаралар, байқаулар мен олимпиадалар ұйымдастырады. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген студенттер арасында арнайы байқаулар ұйымдастырылады. Жүргізіліп жатқан тәрбие жұмыстары еліміздің көпұлтты қоғамын бірлікке үндей отырып, оның өркендеуіне және дамуына өз үлесін қосып келеді.

Халықаралық ынтымақтастық, тағылымдамалар

Кафедра Түркия елінің Кастамону университетімен халықаралық байланыс орнатты. 2022 жылы Осы университеттің PhD докторы Орхан Сөйлемездің қатысуымен  (Orhan Söylemez) «Тіл мен әдебиетті оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдері» тақырыбында (72 сағат) біліктілікті арттыру курсы өтті.

  • Кафедра меңгерушісі Қалыбекова Қаламқас Сағындыққызы 2011 жылы Түркияның Анкара, Стамбұл қалаларында, 2013 жылы ҚХР Санжы қаласында, 2023 жылы Өзбекстанның Ташкент мемлекеттік техникалық университетінде және 2024 жылы «Болашақ» Халықаралық стипендиясының иегері атанып, «500 ғалым» бағыты бойынша Түркия елінің Кастамону университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.
  • Кафедра доценті Аубакиров Нұрлыбек Маманұлы 2023 жылы Өзбекстанның Ташкент мемлекеттік техникалық университетінде және 2025 жылдың қыркүйек-қараша айларында Түркияның Кастамону университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.
  • Аға оқытушы Жетпісбай Шолпан Аханқызы 2023 жылы Өзбекстанның Ташкент мемлекеттік техникалық университетінде;
  • Кафедра оқытушысы Беккулова Айнаш Диқанбайқызы 2023 жылы Түркияның Кастамону университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.

Кафедраның ПОҚ әр жылдары министрліктің, облыс әкімдігінің және университет әкімшілігінің марапаттарын алып келеді.

2023 жылы кафедра доценті Хамзина Қарлығаш Мәуенқызы «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен, тіл саласын дамытудағы белсенді еңбегі үшін ҚР ҒЖБМ «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

2023 жылы кафедра меңгерушісі Қалыбекова Қаламқас Сағындыққызы «Еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және жоғары білікті мамандар дайындаудағы ерен еңбегі үшін «А. Байтұрсынов атындағы қола медальмен» марапатталды.

2024 жылы кафедра доценті Аубакиров Нұрлыбек Маманұлы Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» төс белгілерімен марапатталды.

2024 жылы кафедра доценті Нығметова Нұргүл Тұрсынқызы тіл саясатын дамытуға ерекше үлес қосқаны және тілдерді дамыту саласын жетілдіруге белсенді атсалысқаны үшін «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

2024 жылы аға оқытушы Жетпісбай Шолпан Аханқызы тіл саясатын дамытуға ерекше үлес қосқаны және тілдерді дамыту саласын жетілдіруге белсенді атсалысқаны үшін «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

2025 жылы кафедра меңгерушісі Қалыбекова Қаламқас Сағындыққызы Қазақ тілінің мәртебесін көтерудегі шығармашылық белсенділігі, гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Ахмет Байтұрсынұлы» атындағы төсбелгімен марапатталды.

2025 жылы кафедраның аға оқытушысы Абилкасов Ғабиден Мәжитұлы Қазақ тілінің мәртебесін көтерудегі шығармашылық белсенділігі, гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Ахмет Байтұрсынұлы» атындағы төсбелгімен марапатталды.

 

  • Әзиев Ә.М. ф.ғ.к, доцент (1990-1993 жж.)
  • Хасенов М.А., аға оқытушы (1993-1996 жж.)
  • Жұмағалиев З.Т. ф.ғ.д, профессор  (1996-1997 гг.)
  • Нургужина  Г.М., ф.ғ.к., доцент (1997-2004 жж.)
  • Шабденова Қ.Ж., аға оқытушы (2004-2005 жж.)
  • Хамзина Қ.М., ф.ғ.к., доцент (2004-2008 жж.)
  • Қалыбекова Қ.С. ф.ғ.к., доцент 2008 ж. қазірге дейін
Без рубрики