Бүгін, 13 шілдеде, еліміздің барлық жоғары оқу орнында мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына құжат қабылдау басталды. Талапкерлер өтініштерін 20 шілдеге дейін бере алады.
Жауапты кезеңнің алғашқы күні Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Сауле Саветовна Сагинтаева қабылдау комиссиясы жұмысының ұйымдастырылу барысымен танысты.
Университет басшысы талапкерлер мен олардың ата-аналарына қызмет көрсету, кеңес беру және құжаттарды рәсімдеу тәртібін бақылап, әрбір өтінішке мұқият қараудың маңызын атап өтті. Қабылдау комиссиясының жұмысы талапкерлерден тек құжат қабылдаумен шектелмейді. Мамандар білім беру бағдарламаларын таңдаудан бастап, грант конкурсына қатысу талаптары мен жеңілдетілген санаттар бойынша толық әрі нақты ақпарат береді.
Университет талапкерлерге қолжетімділікті арттыру және шалғай өңірлердегі жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстарын да кең көлемде жүргізіп отыр. «Серпін» бағдарламасы мен батыс өңірлерге арналған квота мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында университет қызметкерлері бірқатар қала мен ауданда талапкерлерге кеңес беріп, мемлекеттік грант конкурсына құжат қабылдауда.
Құжат қабылдау орындары:
• Шымкент қаласы – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті;
• Түркістан облысы, Жетісай ауданы – IBilim High School Jetisay;
• Түркістан қаласы – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті;
• Талдықорған қаласы – І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті;
• Қызылорда қаласы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті;
• Тараз қаласы – М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті;
• Ақтау қаласы – 17-шағын аудан, «Оқушылар сарайы»;
• Жаңаөзен қаласы – Өркен шағын ауданы, Құрылыс көшесі, 32А, Оқушылар шығармашылық үйі.
Бұл жұмыс өңірлердегі талапкерлерге университеттің білім беру бағдарламалары, гранттар, квоталар, жатақхана және студенттік мүмкіндіктер туралы ақпаратты тікелей мамандардан алуға жағдай жасайды.
Талапкерлердің уақытын үнемдеу және құжат тапсыру процесін жеңілдету мақсатында университет өтініштерді Zoom платформасы арқылы онлайн қабылдайды. Сондай-ақ еліміз бойынша мемлекеттік білім беру гранты конкурсына құжаттарды электрондық үкімет порталы арқылы тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.
Құжатты қандай тәсілмен тапсырғанына қарамастан, Saginov Technical University қабылдау комиссиясының мамандары талапкерлерге кеңес беріп, өтінішті дұрыс рәсімдеуге, білім беру бағдарламасын таңдауға көмектеседі. Әр талапкердің қалауы мен болашақ мамандығына жауапкершілікпен қарау университет жұмысының басты қағидаларының бірі болып қала береді.
Грант конкурсына қатысу үшін қажетті құжаттар:
• жеке куәлік;
• ҰБТ сертификаты;
• 3×4 көлеміндегі фотосурет;
• жалпы орта білім туралы аттестат немесе колледж түлектері үшін диплом;
• жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысатын талапкерлерге растайтын құжаттар
.
Құжаттарды университеттің №1 оқу корпусында тапсыруға болады. Қабылдау комиссиясының мамандары құжаттарды рәсімдеу тәртібін түсіндіріп, талапкерлер мен ата-аналардың барлық сауалына жауап береді.
Кәсіптік бағдар беру мамандары:
+7 (700) 595-92-59
+7 (700) 395-65-09
+7 (700) 81-32-032
WhatsApp: +7 771 031 0210
Қабылдау комиссиясы:
+7 775 212 6685
8 (7212) 56-44-22
Мекенжай:
Қарағанды қаласы, Н. Назарбаев даңғылы, 56/1,
№1 оқу корпусы, 102-кабинет.
Saginov Technical University – сапалы инженерлік білім мен кәсіби болашаққа бастайтын сенімді таңдау.














