Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «STushniki» командасы жетекшісі Н. В. Мутовинаның басшылығымен «Qostanai Industry Hackathon» республикалық хакатонында жоғары нәтиже көрсетіп, жарыстың финалистері қатарына енді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 100-ден астам команда қатысқан ауқымды IT-марафонда қатысушылар инновациялық идеяларын ұсынып, заманауи технологиялар негізінде тың шешімдер әзірлеу бағытында бақ сынады. Жоғары бәсекелестік жағдайында өткен хакатон жас мамандардың кәсіби әлеуетін, креативті ойлау қабілетін және күрделі міндеттерді шешу дағдыларын көрсетуге мүмкіндік берді. «IDEAS TODAY. SOLUTIONS TOMORROW» («Бүгінгі идеялар — ертеңгі шешімдер») ұранымен өткен хакатонда «STushniki» командасы инновациялық идеялары мен технологиялық шешімдерді әзірлеуге қосқан үлесі үшін ресми сертификатпен марапатталды. Университет ұжымы хакатонды жоғары деңгейде ұйымдастырған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне және қатысушыларға менторлық қолдау көрсетіп, өңірлік IT-экожүйенің дамуына үлес қосып жүрген Qostanai Hub командасына алғыс білдіреді. «STushniki» командасын осы жетістігімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да жаңа идеялар ұсынып, технологиялық жобаларды жүзеге асырып, университетіміздің абыройын асқақтата беруіне тілектеспіз!