Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Meta Juniors командасы халықаралық HackAlem AI 2026 хакатонында III орын иеленді.
Университеттің ИИМ-26-1 тобының магистранттарынан құралған команда «Басқару» бағыты бойынша үздік үштіктің қатарына еніп, жасанды интеллект саласындағы әлеуетін дәлелдеді.
Команда құрамында:
Шерім Арман Нұрланұлы;
Алиев Рахат Аянович;
Актаев Жандос Сабырович.
Байқауда магистранттар Career Quest атты жасанды интеллект негізіндегі шешімді ұсынды. Жоба қызметкерлерге мансаптық даму жолын айқындауға және кәсіби өсуге қажетті дағдыларды анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар, HR мамандарына командадағы дағдылар тапшылығын бағалап, кадрлық әлеуетті тиімді дамытуға мүмкіндік береді.
HackAlem AI 2026 хакатоны аясында барлығы 1 066 AI-шешім бағаланып, олардың ішінен 60 жоба финалдық кезеңге жолдама алды. Қатысушылар энергетика, қаржы, басқару, телекоммуникация, логистика, білім беру және басқа да салалардағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын таныстырды.
Ресми деректерге сәйкес, хакатонға 2 415 адам қатысып, AI-хакатонға қатысушылар саны бойынша Guinness World Records әлемдік рекорды тіркелді.
Байқаудың жалпы жүлде қоры 220 000 АҚШ долларын құрады. Оның құрамына ақшалай сыйлықтар, OpenAI токендері және «Қазақтелеком» ұсынған Al-Farabium суперкомпьютерінің есептеу ресурстарына қолжетімділік кірді.
Meta Juniors командасын лайықты жетістігімен құттықтаймыз! Магистранттарымызға жаңа идеяларын табысты жобаларға айналдырып, ғылым мен технологияны дамыту жолында биік белестерді бағындыруына тілектеспіз!