IT САЛАСЫНДАҒЫ МАНСАП: УНИВЕРСИТЕТТЕ WOOPPAY MEETUP ӨТТІ


8 қазанда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Wooppay Meetup кездесуі өтті. Іс-шараға Ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері қатысып, IT индустриясының тәжірибелі мамандарымен жүздесті.

Кездесуде Wooppay компаниясының мамандары Руслан Абильдин (Frontend Development Team Lead), Даниил Бобков (Junior Android Developer) және Андрей Захарченко (Mobile Team Lead) кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.

Спикерлер IT саласындағы алғашқы жұмысқа орналасу, техникалық сұхбаттасудан сәтті өту, кәсіби дағдыларды дамыту және Junior деңгейінен Team Lead позициясына дейін өсу жолдары туралы айтып берді.

Студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еңбек нарығындағы талаптар, жұмыс берушілердің үміті мен мансаптық мүмкіндіктер жөнінде нақты кеңестер алды.

Кездесу болашақ IT мамандарына саланың тәжірибелік қырларын тереңірек түсінуге, кәсіби бағдарын айқындауға және алғашқы мансаптық қадамдарын жоспарлауға мүмкіндік берді.

Без рубрики