SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ ОТБАСЫ – «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – 2026» БАЙҚАУЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
Saginov Technical University-дің «Кәсіпорын экономикасы және менеджменті» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ғылыми қызметкері Айдын Сапарұлы Кернебаевтың отбасы «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды!
2014 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – отбасы институтын нығайтуға, ұрпақтар сабақтастығы мен жанұялық құндылықтарды сақтауға және өнегелі отбасылардың оң тәжірибесін кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды жоба.
Биыл облыс бойынша байқауға 100-ден астам отбасы қатысып, қалалар мен аудандардан іріктелген 26 үздік отбасы ақтық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезеңде өзара сыйластықты, береке-бірлікті және отбасы құндылықтарын берік ұстанған Кернебаевтар отбасы үздіктер қатарынан көрініп, облыстық кезеңнің жеңімпазы атанды.
Айдын Сапарұлы мен жұбайы Айжан бес бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Үш буын өкілін біріктірген шаңырақта білімге ұмтылу, еңбекқорлық, үлкенге құрмет пен кішіге ізет сынды құндылықтарға ерекше мән беріледі.
Кернебаевтар отбасының балалары да әр салада өз жетістіктерімен қуантады. Тұңғышы Альтаир Кернебаев – биология пәнінен облыстық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Білім-инновация лицейінің «Алтын белгі» иегері және Nazarbayev University студенті. Алиана Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алып, қалалық олимпиаданың жүлдегері атанса, Ханшайым биыл жоғары нәтижемен Назарбаев Зияткерлік мектебіне қабылданды.
Кернебаевтар отбасының бұл жеңісі – отбасындағы дұрыс тәрбие мен ата-ананың өнегесі, балалардың білімге деген талпынысы мен еңбегінің жемісі.
Saginov Technical University ұжымы Айдын Сапарұлы мен Кернебаевтар отбасын «Мерейлі отбасы – 2026» байқауының облыстық кезеңіндегі жеңісімен шын жүректен құттықтайды!
Шаңырақтарыңызға амандық пен береке, отбасы мүшелеріне зор денсаулық, ал жас ұрпаққа жаңа биіктер тілейміз!



