Saginov University студенттері Астанада өткен робототехника саласындағы халықаралық байқауда жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның жас инженерлерінің әлеуетін халықаралық деңгейде танытты.
«Өндірістік процестерді автоматтандыру» кафедрасының АиУ-23-3 тобының студенттері Дилара Жақыпбекова, Михаил Безносенко, Давид Копылов және Олег Ященко Халықаралық ендірілген жасанды интеллект инновациялары конкурсына (IEIIC) қатысты.
«Цзянсу – Орталық Азия» жобасы аясында ұйымдастырылған байқауға Қытай мен Орталық Азия елдерінің студенттері қатысып, робототехника, жасанды интеллект және интеллектуалды өндіріс бағыттары бойынша бақ сынады.
Халықаралық алаңда қатысушылар заманауи роботтандырылған жүйелермен жұмыс істеп, индустриялық серіктестер ұсынған жабдықтарда нақты өндірістік міндеттерге негізделген тапсырмаларды орындады. Осындай жоғары бәсекелестік жағдайында Saginov University студенттері үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі орындарға ие болды.
Университет студенттері «Өндірістік процестерді автоматтандыру» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Валерий Анатольевич Ивановтың ғылыми жетекшілігімен өнер көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша:
Дилара Жақыпбекова мен Михаил Безносенко II орынға ие болды;
Олег Ященко мен Давид Копылов III орынды жеңіп алды.
Бұл жетістік — студенттердің табандылығы мен кәсіби дайындығының ғана емес, Saginov University-де инженерлік білім беру, автоматтандыру, робототехника және жасанды интеллект бағыттарында жүйелі жұмыс жүргізіліп келе жатқанының айқын дәлелі.
Байқаумен қатар, студенттер «Цзянсу – Орталық Азия» білім мен өндірісті ықпалдастыру форумының іс-шараларына қатысты. Форумда инженерлік білім беруді дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, зерттеу орталықтарын құру және Қытай мен Орталық Азия университеттері арасындағы әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды.
Халықаралық додадағы бұл нәтиже Saginov University студенттерінің мықты бәсеке ортасында топ жарып, Қазақстан атынан лайықты өнер көрсете алатынын дәлелдеді.
Студенттерімізді және ғылыми жетекшісін лайықты жетістіктерімен құттықтаймыз!


