Saginov Tehnical University-де «Күміс университет» жобасы аясында курс өтті


2021 жылдан бері елімізде жүзеге асырылып келе жатқан «Күміс университет» жобасы егде жастағы азаматтарға жаңа білім мен дағдыларды игеруге жол ашуда. Бұл бастамаға сәйкес ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі арнайы әдістемелік ұсынымдарды бекіткен болатын.

Осы бағытта Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Үздіксіз білім беру институты 16 шілде мен 19 тамыз аралығында тыңдаушыларға арналған «Скандинавиялық серуендеу» курсын ұйымдастырды. Сабақтарды арнайы маман, тәжірибелі жаттықтырушы Жаслан Габдуллин жүргізді.

Курс барысында қатысушылар теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, скандинавиялық серуендеудің денсаулыққа пайдасы мен дұрыс әдістерін меңгерді. Әрбір сабаққа белсенділікпен қатысқан 36 тыңдаушының қызығушылығы мен оң пікірлері бұл курстың маңыздылығын айқын көрсетті.

«Күміс университет» – егде жастағы адамдарға екінші мамандық алуға, жаңа салаларды игеруге көмектесетін халықаралық қозғалыс. 50 жастан асқан азаматтарға арналған бұл әлеуметтік жоба өзін-өзі дамытуға, қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік береді. Мұндай үлгі Франция, Англия, Қытай және Жапония елдерінде алпыс жылдан астам уақыт бойы сәтті жүзеге асырылып келеді.

Алдағы уақытта Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті «Күміс университет» жобасы аясында тағы да түрлі бағыттағы сұранысқа ие курстарды өткізуді жоспарлап отыр.

Без рубрики