Saginov Technical University Өзбекстанның жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды


Saginov Technical University Самарқанд мемлекеттік педагогикалық институтымен ынтымақтастық туралы келісім жасасты.

Келісім екі оқу орны арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталған. Оның аясында академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыру, оқытушылар арасында тәжірибе алмасу және халықаралық байланыстарды нығайту жоспарланып отыр.

Құжат 12–17 маусым аралығында Самарқанд мемлекеттік педагогикалық институтында өткен «Самарқанд: мәдениеттер, ағартушылық және білім үйлесімі» атты III Халықаралық жазғы мектеп аясында рәсімделді.

Жазғы мектепке «Қазақстан тарихы» кафедрасының оқытушылары — тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Даниярова Айнагуль Есимсеитовна, педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Нурлигенова Зауреш Нуркеновна және гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға оқытушы Темиржанова Шолпан Мейрамовна қатысты.

Бағдарлама Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Беларусь елдерінің оқытушылары мен ғалымдарын біріктірді. Қатысушылар дәрістер тыңдап, дәстүрлі өзбек қолөнері бойынша шеберлік сабақтарына қатысты, мәдениетаралық диалог мәселелерін талқылады.

Сапар барысында Самарқанд пен Бұхараның тарихи-мәдени мұрасымен де танысты. Олар Гүр-Әмір кесенесін, Регистан алаңын, Шахи-Зинда кешенін, Имам әл-Бұхари мемориалдық кешенін және Бахауддин Нақшбанди кешенін аралады.

Самарқанд мемлекеттік педагогикалық институтымен жасалған келісім алдағы уақытта екі университеттің ортақ бастамаларына, ғылыми байланыстары мен білім беру саласындағы жаңа жобаларына негіз болады.

Без рубрики