Saginov Technical University қызметкері «Парасат» орденімен марапатталды


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Маркетинг және PR департаментінің қызметкері, белгілі жазушы-публицист, ардагер журналист Сүйіндік Жұмабайұлы Жанысбай Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – «Парасат» орденімен марапатталды.

Жоғары мемлекеттік награда Сүйіндік Жұмабайұлына Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әдебиет пен журналистиканың дамуына, ұлттық руханиятты дәріптеуге және елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға қосқан елеулі үлесі үшін берілді.

Мемлекеттік награданы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев салтанатты жағдайда табыс етіп, қаламгерді мәртебелі марапатымен құттықтады.

«Парасат» ордені – еліміздің рухани және зияткерлік әлеуетін дамытуға айрықша үлес қосқан ғылым, мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлеріне, сондай-ақ мемлекет пен қоғам өміріне белсенді араласқан азаматтарға берілетін жоғары мемлекеттік наградалардың бірі.

Сүйіндік Жұмабайұлы саналы ғұмырын қазақ журналистикасы мен әдебиетіне арнап, ұзақ жылдар бойы өңірдің қоғамдық-мәдени өмірін қаламына арқау етіп келеді. Ол – Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

Қаламгердің шығармашылық жолы Қарағанды өңірінің тарихымен және рухани өмірімен тығыз байланысты. Ол ұзақ жылдар бойы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет атқарып, аймақтың тыныс-тіршілігі, ел өміріндегі маңызды оқиғалар, тұлғалар тағдыры мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы мазмұнды мақалалар жазды.

Сүйіндік Жанысбайдың шығармашылық мұрасында публицистикалық еңбектер, көркем шығармалар, естеліктер, аудармалар және әзіл-сықақ әңгімелер ерекше орын алады. Қаламгердің отыздан астам кітабы жарық көрген. Оның туындылары туған өлкенің тарихын, елге еңбегі сіңген азаматтардың өнегелі өмір жолын және қазақ қоғамының рухани құндылықтарын кеңінен насихаттайды.

Бүгінде Сүйіндік Жұмабайұлы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ақпараттық және қоғамдық қызметіне белсенді атсалысып, өзінің мол кәсіби тәжірибесімен бөлісіп келеді. Оның шығармашылық ізденісі, журналистік жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымы жас мамандар үшін тағылымды үлгі болып табылады.

Бұл жоғары марапат – қаламгердің көп жылғы қажырлы еңбегіне, қазақ журналистикасы мен әдебиетіне сіңірген қызметіне, ұлттық руханиятты дамыту жолындағы шығармашылық мұрасына берілген лайықты баға.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ұжымы Сүйіндік Жұмабайұлы Жанысбайды «Парасат» орденімен марапатталуымен шын жүректен құттықтайды!

Сізге зор денсаулық, отбасылық амандық, шығармашылық шабыт пен ұзақ ғұмыр тілейміз. Қазақ журналистикасы мен әдебиетінің дамуына бағытталған еңбегіңіз жемісті болып, қаламыңыздан туған құнды туындылар оқырман қауымға рухани азық сыйлай берсін!

Без рубрики