22-27 маусым аралығында Астана қаласында студенттер мен жасөспірімдер арасында AGT & KMWF халықаралық мас-рестлинг (таяқ тарту) турнирі өтті. «Күш, жігер және бірлік жазы» ұранымен ұйымдастырылған жарысқа әлемнің 18 елінен келген 21 команда қатысты.
Бұл турнир спорттық бәсекемен ғана шектелмей, XXI ғасырдың күшті, жауапкершілігі жоғары әрі ой-өрісі кең жас көшбасшыларын тәрбиелеу ісіне үлес қосты. Әртүрлі елден келген жас спортшыларды бір алаңға тоғыстырған жарыс салауатты өмір салтын насихаттауға, халықтар арасындағы достық пен мәдени байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.
Мас-рестлинг, яғни таяқ тарту – күшпен қатар мінезді, сабыр мен жігерді сынға салатын көне спорт түрі. Бұл сайыста спортшының тек бұлшықет қуаты емес, шапшаңдығы, төзімділігі, ойлау қабілеті мен жеңіске деген табандылығы да маңызды. Сол себепті таяқ тарту ұлттық болмысты танытатын, сонымен бірге түрлі халықты ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіретін спорттың біріне айналып отыр.
Байрақты бәсекеде Saginov Technical University студенттерінен құралған команда да университет намысын қорғады. Команда сапында Алимжан Қыбышев (ПСК-24-2), Серікбол Шакенов (ПСК-24-2), Бекжан Камашев (ТСЭАД-24-2), Данил Марыщенков (НД-25-2) және Дмитрий Кордюков (Маш-25-2) өнер көрсетті.
Тартысты дода қорытындысы бойынша Алимжан Қыбышев қола жүлдеге ие болды. Бұл – студентіміздің жеке жеңісі ғана емес, университеттің спорттық жетістіктер қоржынына қосылған маңызды үлес.
Командаға «Дене тәрбиесі» кафедрасының аға оқытушысы Руслан Саденов жетекшілік етті. Ол турнир аясында төрешілік жұмысына да қатысты.
Халықаралық турнирді AGT GLOBAL компаниясы ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар спорттың жас ұрпақты тәрбиелеудегі, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудегі және мәдени дипломатияны дамытудағы маңызын атап өтті. Осындай бастамалар студенттік қауымдастықтар мен балалар-жасөспірімдер қозғалысына жаңа мүмкіндіктер ашып, елдер арасындағы өзара түсіністік пен серіктестікті күшейтуге жол ашады.
Спортшыларымыз бен жаттықтырушыны халықаралық жарыстағы табысты нәтижесімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда биік белестер мен жарқын жеңістер тілейміз!





