Saginov Technical University спорт кешенінде республикалық энергетикалық спартакиада өтті


2025 жылдың 12–13 маусымында Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың спорт кешенінде «Бірлік энергиясы» атты республикалық энергетикалық спартакиада ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға Өскемен, Маңғыстау, Кентау, Қарағанды және Шахтинск қалаларынан келген «Қазақстандық энергетикалық жүйелер» компаниялар тобының қызметкерлері қатысты.

Спартакиада қатысушыларын университет атынан Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ Басқарма мүшесі, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Абай Қаликов құттықтап, жарыстарды өткізу үшін университет спорт кешенінің ұсынылғанын ерекше атап өтті. Ол жарысқа қатысқан энергетикалық кәсіпорындардың қызметкерлерін өз әріптестері ретінде тануға толық негіз бар екенін айтты. Себебі олар да университет секілді маңызды салада еңбек етіп, маман даярлауға өз үлестерін қосып келеді.

Қатысушылардың басым бөлігі – Қарағанды облысының түрлі кәсіпорындарында қызмет етіп жүрген ҚарТУ түлектері. Сондықтан мұндай игі шараларды өткізу – университет үшін зор мәртебе. Мұндай іс-шаралар тек спорт пен салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, энергетика саласындағы әріптестер арасындағы достықты нығайта түседі.

Спартакиада қатысушыларына жылы лебізін білдірген «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС техникалық директоры Бексолтан Айдын мен жарыстың бас төрешісі, ұлттық санаттағы төреші Төлеген Төлебаев спорттың әр адамның өміріндегі маңыздылығына тоқталып, барлық командаларға адал әрі тартысты бәсеке, ал мықтыларға жеңіс тіледі.

Спартакиаданың ашылу салтанаты өте жарқын әрі әсерлі өтті. Қатысушылардың біркелкі әрі сәнді спорттық киім үлгісі, жанкүйерлердің арнайы әзірлеген плакаттары мен музыкалық сүйемелдеу бұл шараны мерекелік атмосфераға бөлеп жіберді. Ашылу салтанатын әртістердің би нөмірлері мен концерттік бағдарламалар одан әрі жандандыра түсті.

Спорттық жарыстар төрт спорт түрі бойынша өткізілді: мини-футбол, волейбол, шахмат және үстел теннисі. Әр команданың жарысқа деген ынтасы ерекше болды. Шахмат ойыны футбол немесе волейбол сияқты қарқынды өтпесе де, бұл алаңдарда да шиеленісті сәттер аз болмады. Өкінішке қарай, барлық жарыстар бір мезгілде өткендіктен, көрермендер барлығын бірдей тамашалай алмады.

Жарысқа төмендегі командалар қатысты:

— «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС«Энергоцентр»

— «Қарағанды Жарық» ЖШС«Қарағанды Жарық»

— «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС«Шахтинсктеплоэнерго»

— «Кентау Сервис» ЖЭО-5 «Кентау Сервис»

— «Өскемен ЖЭО» ЖШС «Өскемен ЖЭО» немесе «Каменогорск ЖЭО»

-«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС«Оңтүстік Жарық Транзит»

— «Маңғыстау өңірлік электржелілік компаниясы» АҚ

— «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС

Барлық командалар жеңіске деген ерік-жігерін, табандылығын және командалық рухын көрсетті. Әділ және адал бәсекелестік жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады.

Иә, жеңімпаздар анықталды. Бірақ бұл жарыста бәрі жеңіске жетті. Өйткені бұл тек спорттық сайыс емес, бір-бірін қолдау, жаңа достар табу, денсаулықты нығайту және әріптестік байланысты тереңдету мүмкіндігі болды.

Спорт — энергетикалық компаниялардың корпоративтік мәдениетінің маңызды бөлігі болып қала береді. Бұл жолғы спартакиада – соның тағы бір жарқын дәлелі.

Без рубрики