Saginov Technical University әскери кафедрасының студенттері оқу-жаттығу полигонында далалық әскери дайындықтан өтуде


Мұнда студенттер аудиторияда алған теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, әскери тәртіп, командалық жұмыс, тактикалық дайындық және кәсіби дағдыларын жетілдіруде. Далалық оқу-жаттығу жиыны болашақ запастағы офицерлер мен сержанттардың жауапкершілігін арттырып, нақты жағдайға бейімделу қабілетін қалыптастыруға бағытталған.
18 маусымда оқу-жаттығу жиынының өту барысымен университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, профессор Бекболат Рақышұлы Нусупбеков танысты. Инспекциялық бақылау барысында оқу процесінің ұйымдастырылуы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, студенттердің дайындық деңгейі, сондай-ақ олардың жатын орны мен тамақтану жағдайы назарға алынды.

Профессор Бекболат Рақышұлы әскери кафедраның оқу-материалдық базасы мен оқу-жаттығу жұмыстарының сапасына оң баға беріп, студенттердің жауапкершілігі мен дайындық деңгейін атап өтті. Сонымен қатар, ол болашақта әскер қатарына шақырылған жағдайда запастағы офицерлер мен сержанттардың алдына қойылатын міндеттерге тоқталып, әскери дайындықтың маңызын ерекше атап өтті.

Saginov Technical University әскери кафедрасы студенттердің практикалық даярлығын арттыру, әскери-патриоттық тәрбиені күшейту және кәсіби құзыреттерін дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Без рубрики