SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY QS SUSTAINABILITY 2027 РЕЙТИНГІНДЕГІ КӨРСЕТКІШТЕРІН ЖАҚСАРТТЫ


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті халықаралық QS World University Rankings: Sustainability 2027 рейтингінде оң нәтижелерге қол жеткізді. Университет Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында 12-орынға көтеріліп, жалпы ұпайын 43,0 балға дейін арттырды.

2026 жылғы 17 қарашада Quacquarelli Symonds (QS) халықаралық рейтингтік агенттігі жариялаған рейтингке 107 ел мен аумақтан 2003 жоғары оқу орны енді. Қазақстан атынан 24 университет қатысты.

QS Sustainability рейтингі жоғары оқу орындарының экологиялық және әлеуметтік тұрақты дамуға қосқан үлесін бағалайды. Атап айтқанда, қоршаған ортаны қорғау, ресурстарды тиімді пайдалану, білім берудің қолжетімділігі, әлеуметтік жауапкершілік және басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігі ескеріледі.

Saginov Technical University жаһандық рейтингтегі 1501+ позициясын сақтап, Қазақстан университеттері арасында 2025 жылғы 15-орыннан 12-орынға көтерілді. Сонымен қатар жалпы ұпайы 2026 жылғы 39,5 балдан 2027 жылы 43,0 балға дейін өсті.

Бұл нәтижелер университеттің тұрақты даму қағидаттарын енгізу, экологиялық білім мен ғылыми зерттеулерді дамыту, басқару жүйесін жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.

Халықаралық рейтингтегі оң динамика университеттің әлеуметтік және экологиялық жауапкершілігін арттыруға, білім мен ғылым сапасын жетілдіруге және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға жаңа серпін береді.

 

Без рубрики