18 мамыр күні Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне Польша делегациясы арнайы сапармен келді. Делегация құрамында Силезия академиясының ректоры, профессор Александр Остенда, халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры әрі «Менеджмент» кафедрасының меңгерушісі, профессор Юрий Витковский, Silk Education Poland компаниясының негізін қалаушы Амангул Сунгавай және менеджер-көмекші Мейрам Демегенов болды.
Қонақтарды Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Басқарма Төрағасы – Ректор Сауле Сагинтаева, сондай-ақ Басқарма мүшелері – проректорлар: академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бекболат Нүсіпбеков, ғылым және инновация жөніндегі проректор Али Мехтиев, стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Қанапиянов, әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Абай Қалықов, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелердің директорлары, факультет декандары мен кафедра меңгерушілері қарсы алды.
Кездесу барысында тараптар өз оқу орындарының таныстырылымдарын ұсынды.
Университет туралы кең ақпаратты стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Қанапиянов таныстырып, презентацияны мазмұнды бейнероликпен толықтырды.
Ал Силезия академиясы Польшадағы Катовице қаласында орналасқан. Бұл қала тарихи тұрғыдан көмір және металлургия өнеркәсібінің орталығы ретінде танымал болса, бүгінде IT, бизнес және инновациялар хабы ретінде қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар, Катовице ЮНЕСКО-ның музыка қалалары тізіміне енген.
Силезия академиясы – техникалық, медициналық, гуманитарлық және шығармашылық бағыттарды қамтитын Польшаның бірегей жекеменшік жоғары оқу орны. Академия құрамында Сәулет және өнер, Медициналық және Әлеуметтік ғылымдар факультеттері жұмыс істейді. Мұнда бакалавриаттан бастап докторантураға дейін мамандар даярланады.
Академия халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді. Қонақтардың айтуынша, Қазақстанмен серіктестік олар үшін ерекше маңызға ие.
Қазіргі таңда академияда Қазақстаннан, соның ішінде Қарағанды қаласынан келген 35 студент білім алуда.
Тараптар ұсынған презентациялар екі оқу орнының арасында ортақ бағыттар мен ұқсастықтардың көп екенін көрсетті.
Силезия академиясы – университетіміз ынтымақтастық орнатқан алғашқы польшалық жоғары оқу орны емес. Дегенмен, бұл серіктестіктің маңызы ерекше. Себебі академияның білім беру бағдарламалары біздің университеттің бағыттарына сәйкес келеді және болашағы зор бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.







