Saginov Technical University мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ әріптестікті нығайтуда


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің делегациясы ел аумағындағы автожол инфрақұрылымын дамытуда жетекші орын алатын «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясына арнайы іссапармен барды. Делегацияны университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Сауле Сагинтаева бастап барды. Делегация құрамында т.ғ.д., профессор, аппарат басшысы Аристотель Исагулов, Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Мехтиев, Ректордың HR жөніндегі кеңесшісі Алия Орсаева, «Көлік техникасы және логистикалық жүйелер» кафедрасының меңгерушісі Нұрсұлтан Жаркенов және «Құрылыс материалдары және технологиялары» кафедрасының меңгерушісі Еділ Иманов бастаған жетекші оқытушылар болды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ директорының орынбасары Рафаэль Бектеміров қарсы алып, компанияның қызметі мен даму бағыттары жайлы таныстырды.

Университет пен ұлттық компания арасындағы кездесудің басты мақсаты – өндіріс пен білімнің арасындағы көпірді күшейту, яғни студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру, ғылыми жобаларды бірлесе жүзеге асыру және болашақ жол саласының кәсіби мамандарын даярлау мәселелерін талқылау болды.

Кездесу барысында қос тарап жол-көлік саласына қажетті кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, жаңа ғылыми зерттеулер жүргізу, инновациялық шешімдер енгізу сынды маңызды бағыттар бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ, Saginov Technical University студенттерін «ҚазАвтоЖол» құрылымдық бөлімшелерінде өндірістік тәжірибеден өткізу туралы нақты келісімдер қарастырылды.

Кездесу соңында қос тарап ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға дайын әрі ашық екендіктерін жеткізді. Бұл – болашақта Қазақстанның жол-көлік саласын жаңа деңгейге көтеретін нақты қадамдардың бастамасы.

Без рубрики