2026 жылғы 23–24 қазанда академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің базасында дене тәрбиесі және жекпе-жек кафедрасының аға оқытушысы, «Қазақстан Республикасының дене тәрбиесі мен спортын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Ержан Жүрсінұлы Қожамжаровты еске алуға арналған футзалдан республикалық турнир өтті.
Жарысқа еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының атынан сегіз команда қатысты. Олардың қатарында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті және академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің екі командасы болды.
Топтық кезеңде Saginov Technical University командасы жақсы дайындық деңгейін, ұйымшылдығы мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Алғашқы кездесуде біздің футболшылар Ақтөбе өңірлік университетінің командасын 5:2 есебімен жеңді. Екінші ойында турнирдің басты фавориттерінің бірі – Атырау университетінің командасына 0:2 есебімен жол берді. Ал топтық кезеңнің шешуші матчында STU командасы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің екінші командасын 3:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты.
Осылайша, топтық кезең қорытындысы бойынша университетіміздің спортшылары өз тобында екінші орын алып, турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алды.
Финалдық кезеңде STU командасы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің бірінші командасымен кездесті. Негізгі уақыт тең есеппен аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Шешуші сәтте табандылық пен төзімділік танытқан біздің футболшылар 8:7 есебімен жеңіске жетіп, финалға шықты.
Финалдық кездесуде команда қайтадан Атырау университетінің футболшыларымен күш сынасты. Тартысқа толы ойынның негізгі уақыты тең есеппен аяқталды. Алайда пенальти сериясында қарсылас команда 4:2 есебімен басым түсті.
Турнир қорытындысы бойынша Saginov Technical University командасы күміс жүлдегер атанып, II дәрежелі дипломмен және 130 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.
Жарыстағы жоғары нәтижемен қатар, команда мүшелері жеке номинациялар бойынша да марапаттарға ие болды. Жоғары математика кафедрасының меңгерушісі міндетін атқарушы В.В. Журов «Үздік қорғаушы» номинациясын жеңіп алып, 10 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ дене тәрбиесі кафедрасының аға оқытушысы А.Е. Елеукешовтің ойыны арнайы жүлдемен атап өтілді.
Команданың жоғары нәтижесі футболшылардың жанкешті ойынының, өзара үйлесімді әрекетінің және жеңіске деген ұмтылысының арқасында мүмкін болды. Спортшыларға қолдау көрсетіп, команданың турнирге қатысуына ықпал еткен әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор А.К. Қалыковтың еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Кәсіподақ комитетінің төрайымы Н.А. Алпысбаева қаржылай қолдау көрсетіп, команданың жаңа футбол формасымен қамтамасыз етілуіне ықпал етті. Ал ұйымдастыру жұмыстарын команданың капитаны, сәулет-құрылыс факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары А.С. Түсіпбеков үйлестірді.
STU командасының республикалық турнирдегі табысты өнер көрсетуі – спортшылардың шеберлігі, табандылығы мен командалық бірлігінің айқын көрінісі.
Футболшыларымызды лайықты күміс жүлдемен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда толағай табыс, жаңа жеңістер мен биік белестер тілейміз!


