2026 жылғы 16–17 қазанда Астана қаласында «Қарқынды өзгеріс әлеміндегі қабылдау емтихандары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы ұйымдастырған жиында жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесін жетілдіру, білімді бағалаудың заманауи тәсілдері мен жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Халықаралық конференцияға Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің өкілдері қатысты:
Құрылыс материалдары және технологиялары кафедрасының меңгерушісі Еділ Иманов;
Шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі Дамира Джантасова;
Пайдалы қазбалар кен орындарын игеру кафедрасының профессоры Әлия Маусымбаева.
Конференция АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа елдердің білім беру саласындағы сарапшыларын біріктірді. Олардың қатарында ETS, College Board, AQA Global, Vretta және Жоғары экономика мектебінің өкілдері болды.
Пленарлық және тақырыптық отырыстарда қабылдау емтихандарын ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесі, тестілеу жүйесін цифрландыру, жасанды интеллектіні қолдану және білім нәтижелерін бағалаудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.
Конференцияның негізгі тақырыптарының бірі Ұлттық тестілеу орталығы халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірлеп жатқан Admissions Insight Test (AIT) жаңа қабылдау емтиханы болды. Бұл формат талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлау, талдау және қарым-қатынас жасау сияқты маңызды дағдыларын бағалауға бағытталмақ.
Екінші күні жоғары оқу орындары мен ұлттық емтихан орталықтарының өкілдері білімді бағалау жүйесін жетілдіру, тілдік құзыреттілікті анықтау және емтихан нәтижелерін халықаралық деңгейде тану мәселелерін талқылады.
Saginov Technical University өкілдерінің халықаралық конференцияға қатысуы шетелдік тәжірибемен танысуға, кәсіби байланыстарды кеңейтуге және білім беру сапасын арттыруға бағытталған заманауи тәсілдерді зерделеуге мүмкіндік берді.